Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қуаңшылықтың алдын алу мақсатында тиісті шаралар жасалады

Бүгін  облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, қуаншылықтың алдын алу және көктемгі вегетациялық кезеңде егін егу мәселелері бойынша шаруалармен кездесіп, Сексеуіл кентінің тұрғындарымен жүздесті. 


Алдымен өңір басшысы ауданда салынатын клубтар мен кітапханалар құрылысы, Бақтыбай батыр көшесін қайта жаңғырту, аспалы темір жол өткелінің жобасы мен балық шаруашылығын дамыту бағдарламасымен танысып, мамандармен пікірлесті.
Ал, аудандағы тарихи-өлкетану мұражайында аймақ басшысының назарына мұражай құрылысының жобасы мен көпқабатты тұрғын үйлер салу мәселелері ұсынылды.
Мұнан кейін облыс әкімі Арал қаласында сала мамандарымен бірге ауыл шаруашылығы мәселелерін талқылауға арналған жиын өткізді.
Отырыста аудан әкімі Серік Сермағамбетов егін және мал шаруашылығы бағытында негізгі жұмыстарды тізбелесе, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов облысқа келетін судың қазіргі жағдайы мен алдағы болжамы туралы баяндады. Сондай-ақ, көлдер жүйесін суландыру мен оларды сақтап қалу жағдайы қозғалды.
Кездесуде облыс әкімі вегетация кезеңінде судың аз келуіне байланысты тиімді тетіктерді қарап, суды аз қажет ететін дақылдарға мән беру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, Көкаралды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де сөз болды.
- Бізге керегі - төрт түліктің басын аман сақтау және жоғарыдан түсетін су деңгейіне байланысты егін жұмыстарын мерзімінде бастау. Биыл да судың аз келуіне байланысты қарекетті қадамдарға шаруалармен бірге кірісуіміз қажет. Әкімдік тарапынан Жол картасы әзірленді. Картаға енген 65 жобаға ҚР Үкіметі резервінен 3,6 млрд.теңге бөлуге ҚР Қаржы Министрлігінен келісім алынды. Сондай-ақ, Үкімет ревервінен барлығы 22 каналды тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алуды жоспарлап отырмыз.
Көлдерді суландыру мен балық шаруашылығына байланысты да мәселелер туындайтынын мен жақсы түсінемін. Көрші мемлекетте болып жатқан жағдай да ауыл шаруашылығына, оның ішінде экспортқа тікелей әсер етеді. Дегенмен, бірігіп проблемаларды шешудің тиімді тетіктерін қарастырсақ, бұл қиындықтан да шығамыз, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Өңір басшысы аудандағы шаруа қожалықтары өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жауапты басқарма басшыларына бірқатар тапсырма берді.  
Облыс әкімі Арал ауданына жұмыс сапары аясында Сексеуіл кентіне де барды. Мұнда елді мекенді газдандыру, кентішілік жол салу, темір жолшыларға арналған 38 екі пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс барысы, электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары мен «Құмсай» бөгетінің жағдайын талқылады. Сондай-ақ, кент тұрғындарын толғандырған мәселелерін тыңдап, пікірлесті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: