Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ұлыстың Ұлы күнінде салт-дәстүрлер дәріптеледі

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын облыс көлемінде жоғары деңгейде атап өту мақсатында барлық мәдениет ұйымдарында 500-ден аса іс-шара ұйымдастырылады. Оның 25-і облыс орталығында өтеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов хабарлады.
«Шаралар 14 наурыз «Қауышу» күніне арналған облыстық филармонияның «Жылнама»  атты ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауға бағытталған  мәдени шарамен бастау алды. 
14-24 наурыз аралығында облыс кітапханаларында «Наурыз – береке, Наурыз – мереке», «Наурыз тойы – мерекем, салт-дәстүр – берекем», «Ұлыстың ұлы күні» тақырыптарында кітап көрмелері мен поэзия кештері, облыс музейлерінде  «Дәстүрлер жаңғырығы», «Ұлттық салт-дәстүр», «Наурыз айшықтары» тақырыптық экскурсиялар мен ашық есік күндері және  облыстық тарихи-өлкетану музейінде  «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында «Көшпенділер өркениеті: қазақтың ат әбзелдері» атты этнографиялық көрме ұйымдастырылады», - деді Асқарбек Темірбекұлы.
Сонымен бірге 19 наурыз және 22 наурыз күндері «Aray City Mаll» сауда орталығында «Наурызым – нұрлы ырысым» атты салт-дәстүрлерімізді айшықтайтын көріністер мен дәстүрлі орындаушылардың концерттері ұйымдастырылып, ұлттық ойындар өткізіледі. 
Балалар жылына орай 21 наурызда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық  әмбебап ғылыми кітапханасында «Балалар кітап әлемінде» балаларға арналған мерекелік кеш, онан соң «Еркетай» балалар алаңы ашылады.
17-23 наурыз аралығында Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында М.Ахмановтың «Наурыз думан», Г.Ландудың «Балапан қораз», облыстық филармонияда «Әдемі» балалар театр студиясының «Ұлы даланың ұлық тойы» атты балаларға арналған қойылымдары жас бүлдіршіндерге ұсынылатын болады.
21 наурыз күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Көктем нұры» атты республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар, Сыр өңіріне Атырау, Нұр-Сұлтан қаласының өнер ұжымдарының гастрольдік қойылым-концерттері жоспарлануда. Бүгін сағат 18.00-де Атырау облыстық филармониясының концерті өтеді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: