Қызылордада «Құқық тәртібі» шарасының 2 күнінде 1400-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспсөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың тамыз айының 24-28 күндері аралығында криминогендік ахуалды сейілту, құқық тәртібі мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда қылмыстарды ескерту және жолын кесу бағытында облыс көлемінде «Құқық тәртібі» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп, жұмыс барысы күшейтілген жүйеге көшкені белгілі.
Аталған іс-шараға ІІО-ның жеке құрамы жұмылдырылып, іс-шараның 2 күнінде барлығы 1355 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жол-көлік оқиғасына тікелей септігін тигізетін өрескел жол қозғалыс ережесін бұзу фактілерінің бірі – автокөлікті мас күйінде басқарған 22 жүргізуші анықталса, қауіпсіздік белдігін тақпай автокөлік басқарған 310 жүргізушіге, ұялы телефонмен сөйлесіп көлік басқарған 210 жүргізушіге, жылдамдықты шамадан тыс асырған – 98 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, есепті мерзімде қалалар мен елдімекендердің аумақтарын көріктендіру ережелерін бұзудың 113 дерегі, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішу немесе мас күйінде жүрудің 92 дерегі, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үй-жайдан тыс жерде жүруінің 82 дерегі, басқа да ұсақ бұзақылықтардың 87 дерегі анықталған.
2 тәулік ішінде 24 қылмыстың «ізі суымай» беті ашылды. Іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталып, 13 бұрын жасалған қылмыстар ашылды.