Қала әкімдігінің мәжіліс залында қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХІV сессиясы өтті. Сессия отырысына қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова, депутаттар, бөлім басшылары, ауыл-кент әкімдері қатысты.
Алдымен №5 «Әл-Фараби» сайлау округінен қалалық мәслихат депутаттығына бос орынға сайланған Мұса Әбдіхалықов таныстырылды. Бұл жөнінде аумақтық сайлау комиссиясы комиссия төрағасы Асқарбек Есжанов мәлімдеді.
Екінші мәселеде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова «2018-2020 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
– Қала бюджетінің кірісін облыстық бюджеттен бөлінген ағымдағы және даму нысаналы трансферттері мен кредит есебінен көбейту жоспарлануда, – деді бөлім басшысы.
Бұл қаражат жалпы білім беретін мектептерді цифрлық инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге, Тасбөгет кентіндегі Әбілқасымов көшесін күрделі жөндеуге, «Сәулет» мөлтек ауданындағы бірнеше көше жолдарын орташа жөндеуді аяқтауға жұмсалмақ.
Сондай-ақ, қала іргесіндегі Махамбетов елді мекеніндегі 9 көшені орташа жөндеу күтіп тұр. Оған қоса аула ішілік ойын алаңдарын орнату жоспарда бар. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және орналастыру бағдарламасы аясында біршама игі іс қолға алынады. «Сырдария өзенінің сол жағалауының жаңбырлы кәріз жүйесі құрылысы» жобасының жоба-сметалық құжатын әзірлеуге қаржысы қаралды. Яғни, сол жағалауындағы 60-пәтерлік үйлердің құрылысы бойынша шаралар жасалады.