Азаматтық Альянсының семинары Сыр өңірінде ұйымдастырылды
Бүгін Достық үйінде Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында айтылған азаматтық қоғам институттарын жаңа форматта дамытудың механизмдерін талқылау үшін республика көлемінде бірінші болып Қазақстанның Азаматтық Альянсының семинары Сыр өңірінде ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты–жаңа бағыттарды айқындау, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау бойынша басқа өңірлермен тәжірибе алмасу.
Семинарға Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Нұр-Сұлтан қаласының, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан және басқа да облыстардың Азаматтық Альянс көшбасшылары, өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай өз сөзінде еліміздегі азаматтық қоғам негіздерін дамытуда Қазақстанның Азаматтық Альянсының үлесі зор екенін жеткізді.
Шара барысында республиканың әр өңірінен келген спикерлер азаматтық секторды дамытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ұсынып, өз ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар саласындағы өзекті тақырыптар: Азаматтық орталық жұмысын ұйымдастыру стратегиясы, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттырудағы азаматтық орталықтардың рөлі, ауылдық үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуді ұйымдастыру, мемлекеттік органдармен байланысты нығайту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның мониторингін және бағалау тетігін жетілдіру мәселелері қаралды.