Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Облыс әкімі электр желілерінің ажырауына қатысты жедел жиын өткізді

Соңғы күндері өңірде ауа райының қолайсыздығынан электр ақаулары туындап, қаланың кейбір аумағы мен бірқатар ауылдық елді мекенде электр жарығы уақытша өшіп, нөсер жауын салдарынан тұрғын үйлердің ауласына су толды.


Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде сала мамандары жедел әрекет етіп, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жарық қосып, арнайы техникалар қала аумағын судан тазартты.
Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев орын алған кемшіліктер бойынша шұғыл жиын өткізіп, мереке күндері тұрғындарға қолайсыздық тудырып, ақауларға жол берген жауапты сала басшыларының жұмысын сынға алып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жиында әкім орынбасары Мархабат Жайымбетов, қала әкімі Асылбек Шәменов және энергетика басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов нақты жағдайды баяндады.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов электр желілерінің басым бөлігінің 70-85 пайызы ескіріп, тозығы жеткендіктен, кемшіліктер орын алғанын жеткізді. Ал, Руслан Нұрмағанбетов трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңалау жұмыстарына қаржы қажеттігін тілге тиек етті.
Облыс әкімі жауапты сала басшылары осы кезге дейін коммуналдық мекемелер қысқы мерзімге толық дайын деп есеп бергенімен, нақты жағдай дайындықтың деңгейін көрсетті деді.
- Халықтың күнделікті тіршілігіне жарық, жылу, су керек. Өкінішке қарай, мереке күндері бір күн жауған жауынның әсерінен қаланың және бірқатар аудандардың кейбір аумақтарында жарық тоқтап қалды. Бұл – барлығымызға сын!  
Мен бұған дейінгі жиналыстарда үнемі тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмыс жасау қажеттігін ескертіп келемін.
Мархабат Жайымбетұлы, электр жүйелерінің тозу деңгейі жоғары екендігін үнемі алға тартып  келесіз. Бәрімізге белгілі, тозу деңгейін 68%-дан 30%-ға төмендету үшін 153 млрд.теңге қажет. Үкімет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында да осы мәселені көтеріп, қаражат сұрадық. Оның ішінде мамандардың қаржы мәселесі де қамтылған. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Біз желілер тозды деп қол жайып отырмай, қолдағы бар ресурстарды пайдаланып, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет.
Кезінде қаладағы үлкен трансформаторлардың күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 4 млрд. теңге уақытылы игерілмей, кері қайтарылды. 2021 жылы аталған жұмыстар дұрыс жүргізілмей, зардабын қазір көріп отырмыз. Дегенмен, мәселенің өткір екенін ескеріп, шұғыл жөндеу жұмыстарына 500 млн. теңгені қаржы бөлдік, бірақ одан да нәтиже болмады.
Әрбір қосалқы станцияның жағдайына талдау жасап, мамандардың күшімен ретке келтіру қажет. Керек болса, жанашыр демеушілерді біріктіре отырып, жұмысты үйлестіруге болады.
Қала әкімі де, басқарма басшысы да бұл мәселенің өте өзекті екенін алдын ала айтуы тиіс. Бюджет қаражатын бекіткен уақытта қосалқы станциялардың жағдайын ретке келтіруге қаржы қарастырар едік. Жұмысқа немқұрайлы қарайсыздар,-деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы халыққа қолайсыздық тудырып, ақауларға жол берген басшылардың жұмысы көңіл көншітпейтінін еске салып, орынбасары Мархабат Жайымбетов пен қала әкімі Асылбек Шәменовке ауызша қатаң ескерту,  энергетика және ТКШ басқарма басшысы мен «Қызылорда электр тарату компаниясының» директорына және қала әкімінің орынбасары мен жауапты бөлім басшысына қатаң сөгіс жариялады.
Халықты электр жарығы мен ауыз сумен қамту – кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек еткен аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен арнайы комиссияны құрып, ақау себептері мен оны жою жолдары бойынша шұғыл түрде ұсыныс беруді тапсырды. Комиссия құрамына білікті мамандарды тартып, сала ардагерлерін қосуды жүктеді.
Жиында облыс аумағындағы су шаруашылығының жағдайы талқыланды.
Бүгінгі күні Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 1000 текше метр су жіберілсе, облыс аумағына 580 текше метр су келуде. Бұл былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 417 текше метрге артық.
Облыс әкімі алдағы күтілетін су көлемінің болжамды жағдайына қарай әрекет етіп, тиісті жұмыстарды үйлестіруді тапсырды. Мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында облыс аумағындағы магистралды каналдар мен көлдер жүйесіне су алу шараларын жалғастырып, бақылауда ұстауды міндеттеді.  
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: