Қызылорда облысында құдыққа құлап кеткен 76 жастағы қария құтқарылды
Қызылорда облысында құдыққа құлап кеткен 76 жастағы қария құтқарылды.
Оқиға бүгін, 25 шілдеде сағат 7.00 шамасында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде болған. Бұл жөнінде 112 пультіне келіп түскен шақырту бойынша аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің мамандары жедел жұмылдырылды.
«Құтқару барысында 1947 жылғы үй иесінің ауласындағы тереңдігі 4 метрлік ауыз суға арналған құдыққа ағаш саты арқылы түскені анықталды. Онда су сорғысын алу кезінде саты сынып кетіп, құлап кеткен. Мамандар азаматшаны 7.26-да саты және құтқару арқанының көмегімен сыртқа алып шықты. Ол жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.