Жаңақорғанда пробация есебіндегі азаматтарға қайырымдылық көмек көрсетілді
Жаңақорған аудандық пробация есебіндегі әлеуметтік жағдайы төмен 8 сотталғанға қайырымдылық жасау мақсатында азық-түлік таратылды. Бұл көмек Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту бөлімі тарапынан көрсетілді. Нақтырақ айтқанда мұқтаж отбасыға күнделікті өмірге керекті картоп таратылды.
Бұл шараның мақсаты сотталғандарды қоғамға бейімдеу, оқшауланған мінездің көпшілік ортаға араласып, қалыпты өмір салтын ұстанып, түзу жолға түсуіне ықпал ету.
Сондай-ақ сотталғандарға әлеуметтік көмектер көрсетіп, профилактикалық әңгімелесу барысында оларға қоғамдағы көпшілікпен бірдей орны бар екені, қайта қылмысқа барудың қауіптілігі, түзу жолға түсіп өзін-өзі, қоршаған ортасын, қоғамды дамытуға мүмкіндіктерінің бар екені туралы түсіндіру- дейді әділет капитаны Әсет Мұратбаев.
-Пробация қызметкерлеріне әлеуметтік-құқықтық көмек түрлерімен жүгінеміз. Бізге үнемі көмектесіп, мәселемізді заң шеңберінде шешіп береді. Осы жылдың басында да аудандағы кәсіпкерлер тарапынан азық-түлік жиынтығына көмектесті. Қазір азық-түліктің бағасы қымбат. Бұл біз үшін үлкен көмек, – деді есептегі азамат.
Көмек алған сотталғандар ризашылық көңілдерін жеткізіп, пробация қызметкерлері мен аудандық жұмыспен қамту бөлімінің өкілдеріне алғысын білдірді.