Қызылордалық ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Оксана Жбирь бірнеше тілді біледі. Қазақ тілінде еркін сөйлей алатын ұстаз тіл үйренудің көптеген жолы бар екенін айтады. Осы орайда ұстазды Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында әңгімеге тартып, тіл үйрену жөнінде ой-пікірін білген едік.
- Алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. Қайда білім алдыңыз? Еңбек жолында қандай қызмет атқарып келесіз?
- Мен Қызылорда қаласында 1988 жылы дүниеге келдім. Облыс орталығындағы №2 ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепті (қазіргі «Мұрагер» мектебі) тәмамдадым. Одан кейін Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде әлем тілдері факультетінде жоғары білім алдым. Ағылшын және француз тілі мұғалімі мамандығын бакалавр дәрежесінде игеріп шықтым. Университет бітіргеннен кейін «Мұрагер» мектебінде еңбек жолымды бастап, ұстаздық қызметтің алғашқы баспалдағынан өттім. Кейін Астана қаласында қазақ-түрік лицейінде мұғалім қызметінде тәжірибемді арттыра түстім. 2014 жылдан бері Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс жасап келе жатырмын.
- Қазақ тілінде өте жақсы сөйлейтініңізді аңғардық. Қалай үйрендіңіз?
- Тілге деген қызығушылығым дүниеге келгеннен бастап оянды десем болады. Көрші үйде менімен құрдас қыз бар болатын. Екеуміз бірге ойнаймыз. Десек те, мен қазақша, ол орысша сөйлей алмайды. Ол маған қазақша сөйлесе, үйге келіп жүгіріп келіп «мына сөз қалай аударылады» деп мағынасын біліп кетеді екенмін. Аудармасын білгеннен кейін қайта ойнауға кетемін. Осылайша 3 жасымда қазақша сөйлеуге бейімделіппін. Бұл жайында анам айтып отырады.
Қызылорда - жергілікті ұлт өкілдері тығыз қоныстанған өңір ғой. Өзге тілде еркін сөйлей алатын азаматтар көп. Ешкім бір-бірін бөліп жармайды. Бірге туған туысқанындай араласады. Қуаныштарын бөліседі. Осылайша барша өлт өкілдері бір отбасының адамдарындай бірлікте өмір сүріп келеді.
Ағылшын тілін үйренуге қай кезден бастап қызықтыңыз?
- Одан кейін анам Қызылордада жалғыз ағылшын тілін тереңдетіп (екінші сыныптан бастап) оқытатын мектепке беруді шешті. Содан бері тіл үйренуге құлшынысым артты. Тіл білген өте жақсы. Көкжиегің кеңейіп, жаңа әлем ашқандай боласың. Сондықтан келешектің кілті – тіл біліп, заманның талабына сай білім алуда деп санаймын. Ізімізді басқан жастарға сондай ақыл-кеңес беремін.
- Қазақстандық жастардан қандай үміт күтеcіз?
- Жастардан жаңа бастамалар мен белсенділік күтемін. Өйткені, бұл - егемендік жылдарында туып-өскен ұрпақ. Жастар жігерлі, білімді, патриот болуы керек. Өзгеріс пен жаңалықтарға бейімделе білгені артық етпейді. Меніңше, жаңа ұрпақтың өз мүмкіндігін көрсетіп, әлеуетін толық ашатын уақыт әлі алда деп ойлаймын.
- Жастардың өзге жұрттан қай қасиеттерді үйренгенін қалайсыз?
- Қазіргі жастардан кейбір кемшіліктерді байқап жүрміз. Олар қарым-қатынастың дәстүрлі әдісінен, өзін-өзі жүзеге асырудан, кейбір құндылықтан алшақтай бастады. Десе де олардың заман талабына бейімделіп, жақсы ісімен танылып жатқаны қуантады.
Қазір шығармашылық бағыттағы мамандықтарды таңдайтын жастар жиі кездеседі. Жастар әлеуметтік желілер арқылы танымал болуға және белгілі бір салада көшбасшы болуға ұмтылады. Бұл оларға қаржылық тұрақтылық әкеледі. Көптеген жастар қосымша білім алуға көп көңіл бөледі. Жас қазақстандықтардың төрттен бір бөлігі қосымша білім беру ұйымдарына барады. Сондай-ақ елдің дамуына үлес қосатын жас ғалымдардың саны айтарлықтай өсті.
- Шәкірттеріңіздің арасында ағылшын тілін меңгеруде қабілеті қандай? Тіл білуде тез үйреніп алатын әдістер бар ма?
- Бұған байланысты ойланатын жағдайлар бар. 2023 жылы ағылшын тілін білу жөнінен Қазақстан 104-орынға ие болды. Бұл ағылшын тілін білу жөнінен деңгейі төмен екенін көрсетеді. Рейтингі бойынша елімізідң өзге өңірлері арасында Қызылорда облысы ағылшын тілін меңгеруден соңғы орындарды місе тұтып тұр. Жалпы балалардың тіл үйрену қабілеті жаман емес. Дегенмен өңірде ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің жетіспеушілігіне байланысты осындай мәселе тіркеліп жүр.
Жалпы, тіл білуде біз үйренетін мемлекеттер бар. Әсіресе, халықаралық деңгейде саналатын ағылшын білу арқылы білім алу көкжиегін кеңейтуге болады. Сол арқылы туризм саласын өркендетеді.
- Тіл үйренуде қандай әдістерге назар аударған дұрыс?
- Әрине, тіл үйренудің көптеген жолы бар. Шексіз болып көрінетін грамматикалық ережелер мен тапсырмалар кейде шет тілін үйренуге деген құштарлықты жояды. Сондықтан тіл үйренуде әркім өзіне қолайлы, ұнайтын әдісті таңдағаны абзал. Менің ойымша, ең жақсысы ол - тілдік орта. Сол тілдің ортасына еніп, барынша сол тілде сөйлегенде тезірек үйренуге болады.
Тағы бір жақсы әдіс бар. Ол аудиолингвизм деп аталады. Бұл әдісте тыңдау мен сөйлеуге акцент беріледі және ассоциация, түсіндіру, салыстыру техникасы қолданылады. Шәкірттерімнің тілді шебер меңгеруіне барынша қолау көрсетіп келемін. Алдағы уақытта олардың арасынан бірнеше тілді еркін меңгерген азаматтардың көп шығатынына сенім артамын.