Конституция және Білім күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданының "Байкенже" ауылындағы 150 орындық мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы жұртшылыққа ізгі тілегін білдіріп, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтады.
«Бүгін, қос мереке қарсаңында жаңа білім ошағының салтанатты ашылу рәсіміне жиналдық. Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында соңғы жылдары білім саласында маңызды жобалар жүзеге асырылып, заманауи жаңа білім ошақтары көптеп бой көтеруде. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болса, бүгінде 733 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражат ірі инфрақұрылымдық жобаларға, жол салуға, ауыз су, электр, газ желілерін жеткізуге, ескілерін жаңартуға, сөйтіп тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Әлеуметтік жобалар да назардан тыс қалмай, мектептер, қосымша білім және тәрбие беру орталықтары, емдеу мекемелері, мәдениет нысандары салынуда. Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд. 100 млн. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 пайызын құрады. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 21 мектептің 10-ының құрылысы биыл аяқталады, тағы 11 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі. Оның 2-еуі Жаңақорған ауданында бой көтереді.
Бүгін пайдалануға берілетін мектеп құрылысы былтыр басталған. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 936 млн. теңге қаралды», – деді аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шарада қоғам қайраткері Сұлтанбек Тәуіпбаев ауыл тұрғындарын құттықтап, ардагерлер ұйымының төрағасы Балтабай Серкінбайұлы бата берді.
Іс-шара соңында қонақтар жаңа ғимаратты аралап көрді.
Рәсімнен кейін аймақ басшысы жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне кезек беріп, мәселелерін тыңдады. Аймақтың, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінен мысал келтіріп, алдағы жоспарлар туралы айтты.
Сондай-ақ Жаңақорған ауданында 400 орындық мектептің ашылу рәсімі өтті. Жаңа мектептің жанында 200 орындық жатақханасы бар.
Аймақ басшысы өскелең ұрпақтың жайлы мектептерде білім алуы, қосымша білім беру ұйымдарында қабілетін шыңдауы үшін атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпақтың игілігі жолындағы шаруаларға баса мән берілетініне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деп атап өтті.
Биылғы оқу жылы облыс түлектері үшін жемісті әрі нәтижелі болды. Өңіріміз соңғы төрт жылда Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балл көрсеткішімен республикадағы алғашқы үштікке енген еді. Биыл жиырма өңірдің ішінде бірінші орыннан көрінді. Мемлекеттік грант конкурсына қатысқандардың 76 пайызы, яғни 4 752 оқушы еліміздің жоғары оқу орындарына түсті. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен отбасы балалары үшін аймаққа қажет мамандықтарға облыс әкімінің 100 гранты бөлінді. Алдағы уақытта да дарынды балаларымызды, талантты жастарымызды қолдау шаралары жалғасын табады», – деді аймақ басшысы.
Салтанатты рәсімде Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Самұрат Имандосов жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, қоғам қайраткері Әбдіғаппар Әмірғалиев бата берді.
Іс-шара соңында қонақтар жаңа ғимаратты аралап көрді.
Айта кетейік, биыл Сыр өңірінде білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд. 100 млн. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 пайызын құрады. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салу жоспарланған. Оның 10-ның құрылысы биыл аяқталса, 11 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі.
«Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Өткен аптада Шығармашылық-инновациялық орталығының іргетасы қаланды. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты, Ақшатау ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараттары жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтеруде. Облыстық бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Өңірде жеке білім беру ұйымдарының желісі артып келеді. Биылдың өзінде олардың саны 7-ге көбейеді, осылайша, жаңа оқу жылында жеке мектептер саны 40-қа жетеді. Соның бірі – бүгінгі зияткерлік мектеп-интернат. Білім ошағы заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Қазір 400-ден астам оқушы қабылданды, оның 64-і мектеп табалдырығын алғаш аттайды.
Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған кентіндегі «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысты. Іс-шарада «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламаларды басқару орталығының басшысы Гүлзия Бидатова, «Қамқорлық» корпоративтік қоры директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова болды.
Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, «Қамқорлық» қоры басшылығына алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медициналық көмекті қолжетімді ету, ана мен бала өлімін азайту, балалар мүгедектігінің алдын алу бағытында нақты міндеттер жүктеді. Біз адам жанының арашасы болған дәрігерлерді жан-жақты қолдауға әрдайым мүдделіміз. Қазір ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен өңірімізде ана мен бала саулығын сақтауға бағытталған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Биыл денсаулық сақтау саласына 140 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл мақсатқа бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстамыз. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын республикада 3 облыста ғана бар, құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті», – деді аймақ басшысы.