Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы сайланды

Бүгін "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, партияның орталық және облыстық саяси кеңесінің мүшелері, сондай-ақ бірқатар делегаттардың қатысуымен саяси ұйымның онлайн конференциясы ұйымдастырылды.
Конференция қатысушыларының қарауына екі мәселе ұсынылды. Біріншісі - "Nur Otan" партиясының Қызылорда облысы филиалының төрағасын сайлау, екіншісі - саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу.
Ең алдымен Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек бүгінгі онлайн конференцияның алғаш рет ұйымдастырып отырғанын және әлемді жайлаған коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында осындай жұмыс тәсілі қолға алынғанын атап өтті.
"Қазіргі кезде елімізде Мемлекет басшысының шешімімен қатерлі індеттің таралуына жол бермеу үшін шектеу және сақтық шаралары күшейтілді. Бұл басқосуымыз Тұңғыш Президент - Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін баспасөзде "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" деген мақаласының жарық көруімен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңізге белгілі, жуырда Қызылорда облысына Елбасы келісімен, Мемлекет басшысының Жарлығымен Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы әкім болып тағайындалды. Осыған орай, Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес облыстық Партия филиалының төрағасы лауазымына Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызының кандидатурасын ұсынамын. Осы ұсынысты қолдауларыңызды сұраймын", - деді Б.Байбек.
Конференция делегаттары ұсынысты бірауыздан қолдады. "Nur Otan" партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болып сайланған Гүлшара Әбдіқалықова артылған сенімге Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және саяси кеңес мүшелеріне алғысын білдіріп, алда атқарылатын ауқымды істерге тоқталды.
"Халқымыз партиямызға үлкен сенім артып отыр. Сондықтан партияның барлық ресурсын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылатын жұмыстарға бағыттау міндеті тұр. Біз Қазақстанның болашағы үшін бір мүддеге жұмылып, алдағы күндерге жауапершілікпен және үмітпен қарауымыз керек. Бүгінгі таңда Партия үшін ең маңызды мәселе - қазіргідей қиын кезеңде халықпен бірге болып, барынша қолдау көрсету, партияға сенімді арттыру. Бұл ретте, Елбасының бастамасымен құрылған республикалық "Birgemiz" қорынан халықтың әлеуметтік жағынан осал топ өкілдеріне қаржылай қолдауды үйлестіруге басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, 6313 қызылордалық мұқтаж жанға қолдау көрсетіледі", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиын барысында, облыстық Партия филиалының төрағасы Сыр бойында жалпы саны 47 мыңға жуық партия мүшелерінің атынан алға қойылған міндеттерді сапалы әрі нәтижелі орындайды деп сендірді. Ал Тұңғыш Президент - Елбасының бүгін жариялаған "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" мақаласына орай осынау сын сағатта Сыр халқын қиындықты бірге еңсеруге шақырды.
Конференция соңында облыстық Партия филиалы саяси кеңесінің құрамы жаңарып, қаулы бірауыздан қабылданды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: