Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесінде Қазалы ауданында "Руханият" орталығы ашылды. Басқосуға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және облыстың зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
![]()
Облыс әкімі жиналған қауымды Жеңіс күні және жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
"Баршаңызды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Біз ержүрек батыр бабаларымыздың алдында мәңгі қарыздармыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» - деген болатын.
Өткен 2024 жылды өңірімізде «Руханият жылы» деп жариялап, мәдени-көпшілік шаралармен бірге көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асырдық.
Алдағы уақытта да Сыр мәдениеті мен руханиятын өркендетуге қолдау жалғаса береді.
Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Өздеріңізге белгілі өңірімізде барлық 7 ауданда «Руханият» орталықтары салынды. Бұл жерде ұлтымыздың құндылықтары дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихатталады. Бүгін өздеріңізбен қазыналы Қазалы ауданында жаңа «Руханият орталығын» ел игілігіне табыстаудамыз. Еліміздің рухани қазынасын толықтырып, халқымыздың өміріне қуаныш сыйласын", - деді Н. Нәлібаев.
Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа нысанның құрылысына үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов құттықтау лебізін жеткізіп, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов батасын берді.
Айта кетейік, "Руханият" орталығының ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығы, «Самұрық қазына» қорымен бірге Үстел теннисі орталығы, «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы салынып, ел игілігіне табысталды. Жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталып, «Жыраулар үйі» ашылды.
Облыс орталығынан бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайтын, құны 11 млрд теңгені құрайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған Шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды.
Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін
11 мың орындық Орталық стадион, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен жаңа музыкалық колледжі, облыстық тарихи-өлкетану музейі салынуда.
Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Қазатом өнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде.