Кейінгі жылдары Сыр өңірінде су тапшылығына байланысты проблема туындап отыр. Оған қоса жергілікті диқандар экологиялық ахуалдың қиындығынан да зардап тартып келеді. Бұл ауыл шаруашылығын әртараптандыру мәселесінің өзекті екенін көрсетті. Ендігі жерде ғылым мен өндіріс арасында үйлесімді әрекет керек.
![]()
Суару науқаны басталғаннан бері «Арал-Сырдария» бассейіндік инспекциясы Сырдария өзенінен 1,9 млрд текше метр су алып, тұтыну-шыларға 1,5 млрд текше мет¬рін нақты жеткізіп берді.
Әзірленген су пайдалану жоспарына сәйкес су көзінен магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы се¬кун¬дына 429 текше метр су алынуы қажет болса, нақты секун¬дына 370 текше метр су алынуда. Су тапшылығы жағ¬дайында егіл¬ген егісті шығын¬сыз алып шығу үшін министрліктің қолдауымен, облыс әкім¬дігімен бірлескен іс-шаралар қолға алынды. Инс-пекция мамандары рұқсат құжатын рәсім¬деу тәртібі, заң бұзушылыққа жауап-кершілік жө¬нінде жадынама әзірлеп, түсін¬дірме жұмыс¬тарын жүргізді.
Осы орайда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты тарапынан тың ізденіс жасалып отыр. Өткен сенбіде «Облыстың өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандырудың ғылыми-практикалық негіздері» семинар-тренингте мәселе жан-жақты таразыланды.
Қуаңшылық процесі күшейіп кетті
Жалпы, институт ғалымдары тарапынан ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің су және ресурс үнемдегіш технологиясын әзірлеу, жоғары өнімді отандық, шетелдік техникалық және мал азығындық дақыл түрлерін өндіріске енгізу кезек күттірмейді. Бұл бағытта ғалымдар аймақтың топырақ-климат жағдайына бейімделген ерекшеленген сорттарды шығаруға көңіл бөліп отыр.
– Облыстың негізгі дақылы – күріш егісінің көлемін 70-75 мың гектар деңгейінде сақтау керек, – деді институттың агротехнология, мелиорация және топырақтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Камалдин Шермағамбетов. – Күріш мелиоративтік қасиеті арқылы аймақтың экологиялық тепе-теңдігін сақтайды. Оның көлемін одан төмендетуге болмайды. Себебі, мұндай келеңсіздік күріш алқабының топырақ тұздылығын шамадан тыс арттырып жібереді. Оны институт ғалымдары өз зерттеуінде нақты дәлелдеп шықты. Айта кетсек, Арал теңізінің тартылуы салдарынан туындаған апаттың өңірге тигізіп отырған залалы орасан зор. Ол аймаққа геофизикалық және метрологиялық жағынан зиянын тигізеді. Сондай-ақ биологиялық тепе-теңдікті бұзып барады. Қуаңшылық процесі күшейіп кетті. Салдарынан өсімдік жамылғысы да терең деграцияға ұшырады. Шалғынды жерлер, шабындық пен орман-тоғайлар құрғап кетті. Жердің құнары төмендеп, қайта сорлану жағдайы белең алды. Жер асты суларының деңгейі 5-10 метрге түсіп, олардың минералдануы көтерілді. Табиғи ортаның өзгеруіне Сырдария өзені суының құрамында тұз мөлшерінің шамадан тыс көбейіп кетуі де өз әсерін тигізіп отыр. Мәселен, өткен ғасырдың елуінші жылдарында өзен суының бір литріндегі тұздың мөлшері 0,6 грамм болса, қазір ол 1,5-2 граммға дейін жетті.
К.Шермағамбетовтің айтуынша, облыста суармалы егістік орналасқан аймақтарда өте ауыр экомелиоративті жағдай қалыптасқан. Өңірде айналымдағы 215 мың гектар суармалы жердің басым бөлігі қайта сорлану жағдайына душар болды. Он жылдай бұрынғы мәлімет бойынша инженерлік жүйеге келтірілген 172,5 мың гектар жердің үштен бір бөлігі түрлі себеппен пайдаланылмай қалған. Топырақ құнарлығы төмендеп, жердің мелиоративтік жүйесі нашарлады.
– Ауыспалы егістегі дақылдар құрылымы мен олардың ара қатынасының төмендеуіне ғылыми негізде зерттеуден өтпеген, басқа күріш егетін аймақта қолданылып келген үлгісін енгізу де кері әсерін тигізді. Атап айтсақ, алқаптарда күріш бір танапта 3-5 жылға дейін егіліп, оның ауыспалы егістегі үлес салмағы 62,5 және одан да жоғары пайызға көтерілді. Кейбір техникалық-материалдық базасы әлсіз, егіс көлемі аз шаруа қожалықтарында күріш монодақыл есебінде егіліп жүр. Ол айналымнан шығатын жер көлемінің одан әрі артуына әкеліп соқтырды. Сол себепті аталған алқапта топырақ құнарлығын қалпына келтіруіміз тиіс. Бұл мақсатта облыстың егіс құрылымын қайта қарап, күріштің ең тиімді ауыспалы егіс үлгісін ұсынуымыз қажет. Мәселен, оны жоңышқа, түйежоңышқа секілді көпжылдық өсімдіктермен алмастыруға болады. Аталған өсімдік түрлері топырақ құнарлығын арттырады. Оған қоса күріштен мол, экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік туғызады. Осылайша өндіріске эколгиялық тиімді, дұрыс жасалған жобаға жол ашылады, – дейді К.Шермағамбетов.
Мақсары – мол табыс көзі
Аграрлық салада бұл дақыл ерекше маңызға ие болып отыр. Соған қарамастан оның көлемі көңіл көншітпейді. Себебі де жоқ емес. Шаруалардың қолында бұл дақылдарды егу, өсіру және жинау техникасы жоқ. Сондай-ақ Арал өңірінің жергілікті климат-топырақ жағдайына бейімделген сорттары жетіспейді. Осы орайда Күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты дақылдардың тиімді сорттарын анықтау үшін жаздық арпа, қант қызылшасы мен мақсарыға экологиялық сортсынау және оларды өсіру мәселесіне ден қойып, ең тиімді сорттарын өндіріске енгізуге қадам жасады.
– Кейінгі жылдары облыста мақсары дақылын өсіруге мән беріліп жүр. Оны өсіру ежелгі дәуірлерде жүргізілген деген деректер кездеседі. Континенталды климатта өсетін дақыл үшін басқа майлы дақылдармен салыстырғанда аз ылғалдылық қажет. Тұзды топырақта да өсе алады. Сондықтан облыс үшін перспективті майлы дақыл ретінде атап өтуге болады. Мына бір дерекке назар аударуға болады. Оның күнжарасы азықтық құндылығы бойынша күнбағыс пен рапстың күнжарасынан ешбір кем түспейді. Бұл өсімдікті түйе мен қой сүйсініп жейді. Сондықтан мал азығы ретінде өсіруге болады. Мәселен, 100 келі мақсарыда 7,9 келі қорытылатын протеин бар. Ғылымда мақсары тұқымында 60 пайызға дейін, ядросында 30-37 пайыз жартылай кебетін, күнбағыс майынан кем түспейтін май мөлшері жинақталатыны дәлелденген. Дақылдың егістік көлемі артып келеді. Оған басты себеп – мақсары майының тағамдық сапасы жоғары. Құрамында күнбағыс майымен салыстырғанда қанықпаған май қышқылы мол екені анықталған. Ол өндірісте маргариннің ең үздік түрі үшін пайдаланылады. Бұл дақыл көпжылдық шөптердің бүркеме дақылы ретінде қолданылады. Айта кетерлігі, оны батпақты арамшөптермен қатты ластанған жерлерге таза түрінде егеді. Нәтижесінде ылғалды аз қажет ететін мақсары жақсы өсіп жетіледі. Ал арамшөп ылғалдың жетіспеуінен азаяды. Институтта мақсарының «Ника-80», «Талап», «Ақмай», «Нұрлан», «Иркас» сорттары сынақтан өткізілген, – дейді К.Шермағамбетов.
Мамандардың айтуынша, кез келген аймақта тұрақты, жоғары өнім алудың алғышарты – ерте және қуатты егін жинау. Бұл дақылдың толық егін көгі шығуы үшін 8-15 күн қажетт. Ерте мерзімде себілген жағдайда мақсарының вегетативті массасы ірі және зиянды жәндіктер мен ауруларға қарсы төзімді келеді.
Су тапшылығына төзімді дақыл
Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының көкөніс-бақша және картоп дақылдары бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қанағат Бегалиев кейінгі жылдары жергілікті ғалымдар тарапынан жасалып жатқан жобаларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, қант құмайы мен судан шөбінің жергілікті топырақа бейімділігі толық зерттелді.
– Қант құмайы біздің өңірге өте қолайлы. Топырақтағы тұзды сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал азығындық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз. Қант құмайы – негізінен Африкада өсетін дақыл, суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды. Содан кейін су берсең, қайтадан көктеп, жапырағын жая түседі. Мұндай жағдайда жүгері сарғайып, қурай бастайтыны белгілі. Оны өндіріске пайдаланған жағдайда екі-үш жылда өз шығынын толық ақтайды. Әлемде одан өндірілген 1 келі шырын 4 АҚШ долларына жу-ықтайды екен. Есепке салып қарасақ, бір шаруашылық 150 гектарға қант құмайын егіп, одан түрлі өнімдер алса, табысқа кенеледі. Сондықтан әртараптандыру бағытында осындай тиімді дақылдарды қолға алу мәселесін ойлауымыз керек. Ауыспалы егісте біз де күріштен кейін жоңышқаны пайдаланамыз. Жоңышқадан кейін үш-төрт жылдан соң күріш қайта егіледі. Бұл дақылдың тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Әрине, қант құмайын өсіруге әзірге бізде тәжірибе жетіспейтін шығар. Десе де уақыт өте келе қыр-сырын меңгеру қиын емес. Өкінішке орай, біздің қолымызда техникалық мүмкіндік болған жоқ. Соған қарамастан жиналған өнім көңілден шықты. Бұл дақыл құрамының 20 процентін қант құрайды. Оны сүт бағытындағы сиырға берсе, өнімділігі 2-3 есеге дейін артады. Демек бұл дақылдың мал шаруа¬шылығына да тиімділігі зор, – дейді Қ.Бегалиев.
Айтқандай, әлемнің кейбір елдерінде осы дақылды зерттеу үшін тәжірибе жүргізген. Мәселен, Беларуссияда елінде сынақ өткізіліп, оны радиоактивті залалданған аймақтың топырағында еккен. Сол аумақта жүгері де өсірілген. Жиналған өнімдер сиырларға берілген. Сонда қант құмайымен азықтанған сиыр сүті сапалы шыққан. Тағы бір ерекшелігі, қант құмайы ас қорыту жүйесіне өте пайдалы.
Сондай-ақ судан шөбінің құрғақшылыққа төзімділігі жоғары. Ол артық шығынға жол бермейді. Құрғатылған қара және қара топырақтарда жақсы өседі. Топырақтың тұздануына қарсы әрекет ете алады.
– Бұл өсімдік Африканың Судан мемлекетінде кеңінен таралған. Әсіресе, Ніл өзенінің жағасында көбірек өседі. Оған қоса Батыс Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Африканың солтүстігі мен шығысында, Үндістан, Аустралияда көлемі артып келеді. Бүгінде оны Қазақстанда егу қолға алынып отыр. Ресейдің еуропалық бөлігінде, Алтай өлкесі, Қиыр Шығыста да егеді. Бұл дақылдың да біздің өңірдің топырағына, климаты сай келетіні дәлелденді, – дейді Қ.Бегалиев.
Қант қызылшасының пайдасы қандай?
Техникалық дақылдар тобына жататын қызылшаны қант өндірісіне негізгі шикізат көзі ретінде қарастыруға болады. Оның қалдықтары өндірістің әр саласында пайдаланылады. Жемісінің құрамында 23 пайызға дейін қант болады. Қалдығын малға жем есебінде пайдаланады. Қант қызылшасының агротехникалық маңызы ерекше.
– Егісте бірнеше мәрте қатар аралық өңдеу жүргізіледі. Сондықтан топырақтың физикалық қасиеттері артады. Минералды тыңайтқыштардың қолдану тиімділігі көбейеді. Егістің арамшөппен ластануы кемиді. Топырақтың батпақтану процесі төмендейді. Дақылдың аурулар және зинкестермен жарақаттануы азаяды. Ол жылуды, жарықты, ылғалдылықты жақсы көреді. Облыста сәуір айының екінші-үшінші онкүндігінде сепкен тұқымның өнгіштігі жоғары болады. Өткен жылдары институтта қант қызылшасының «Монодара», «Доротея», «Элиза», «Авантаж» секілді бес сорты сынақтан өткізілген. Оның ішінде «Элиза» мен «Авантаж» өнімділігінің жоғары болды. Гектарына 500-520 центнерге жетсе, қанттылығы 18,2-18,3 пайызды құрады. 2024 жылдан бастап институттың тәжірибе алаңында қант қызылшасының жаңа сорттары экологиялық сорт сынағынан өткізілуде. Олардың қатарында «Буря», «Скала», «Болашақ», «Абулхаир», «Шекер», «Ардан» және басқа сорттар бар. Бұл сорттардың технологиясы зерттелуде. Жобаны Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірге жүзеге асырып жатырмыз, – дейді институттың басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов.
Күріш ауыспалы егістіктерінде су үнемдеудің ең маңызды тиімді жолы ол – жерді лазерлік тегістеу. Бұл бағытта топырақ беті тегістігінің ауытқуы ±5 см дәлдікпен тегістелген алқапта өнімділік 30%-ға жоғарылап, су шығыны 20%-ға үнемделетініне көз жеткізілді.
Былтыр 55 мың гектарды лазермен тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделген болатын. Ал орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін ұлғайды.
Тегістелген жер көлемін биыл 60 мың гектарға жеткізу үшін шаруашылық құрылымдары 202 бірлік жер тегістегіштермен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 2024 жылы 4 мың 400 гектарға жеткізілсе, ағымдағы жылы оның көлемін 9 мың 200 гектарға жеткізу жоспары бекітілген.