Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәсіптік білімге кең тыныс

2024 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Президент Қ.Қ.Тоқаев атап өткендей, Жұмысшы мамандықтарының жылы қоғамымызда қажырлы еңбек пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге көмектеседі. Адал еңбек етуге ынталы жандарға мемлекет қашанда болмасын қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстанды құрудың іргелі факторларының бірі болып табылады.

Адал, қажырлы еңбек арқылы жетістікке жеткен азаматтар қашанда құрмет пен ықыласқа бөленеді. Өз саласының мамандарының арқасында ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасуда. Сондықтан да мемлекет еңбек адамдарының жағдайын, түрлі саладағы жұмысшы мамандықтары мен мамандардың беделін көтеру үшін дәйекті шараларды қолға алуда. Осындай шаралардың бірі  азаматтарға құрметті атақтар беру болып табылады. Мұндай марапаттар мұғалімдер, дәрігерлер және мәдениет қайраткерлеріне арнап енгізілді, инженерлерге, геологтарға, тау-кен игерушілеріне, көлік, ауыл және су шаруашылығы қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға да арналған құрметті атақтар енгізілетін болады.
Осыған орай, облыстық іс-шаралар жоспары мен комиссия құрамы бекітілді. Жоспарды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 899,9 млн теңге қаралды. Бұл қаржы колледждерді күрделі жөндеуге, материалдық-техникалық базаларын жабдықтауға, мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашуға, «Кәсіби бағдар беру педагогі» штат бірлігін енгізуге және жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін түрлі шараларды жүзеге асыруға бағытталады.
- Колледждерге кәсіпорындардан өндіріс шеберлерін тартуды, шетелдіктерді жергілікті кадрлармен алмастыруды ұйымдастырыңыздар. Бөлінген қаражат мақсатты әрі тиімді жұмсалуы керек.
Ірі кәсіпорындардың, орта бизнес өкілдерінің қатысуымен тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізуді тапсырамын. Жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті 9-сыныпты бітірушілерді 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту үшін 5 308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлуге құжат әзірлеңіздер. Колледждерді үздік бітіруші 100 студентке тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама беру үшін өңірдің ірі кәсіпорындарымен арнайы келісімді үйлестіріңіздер. Қоғамда еңбек адамына деген құрметті дәріптеу, жұмысшы мамандықтарын насихаттау, беделін көтеру, жастардың қызығушылығын арттыру бағытында Мемлекет басшысының, Үкіметтің берген барлық тапсырмалары толық орындалуы қажет», – деді Н.Нәлібаев осыған орай өткен жиындардың бірінде.
Айта кетейік, өңірде 28 колледж 97 мамандық, 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті кадрлар, оның ішінде, 19 колледжде 45 мамандық, 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлар даярлануда.
Бүгінде жобалық кеңсе, аймақтық штаб құру, «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында «Жұмысшы мамандықтар жылының» салтанатты ашылуын ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Басты мақсат – техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау, колледждерді салаландыру, дуальды оқыту, модульдік білім беру, халықаралық стандарттарға сай, еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие жұмысшы мамандар даярлау. Бұл аймақтағы кәсіптік білім беру деңгейін арттырады.
«Жұмысшы мамандықтарының жылына» орай  техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында республикалық жоспар бекітілді. Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Бұл бағытта облыс орталығындағы  М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде ауқымды істер атқарылмақ. Биыл жас мамандар даярлайтын білім ұясына жетпіс жыл толады. 2014 жылы оқу ордасына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахым Ықсановтың есімі берілді.
Колледж директоры Бектұр Қалидың айтуынша, қазір мұнда шәкірттер 10 мамандық түрінен 13 біліктілік бойынша білім алады. Олардың арасында электр газымен дәнекерлеуші, автомобиль жөндеу шебері, техник-механик, химиялық талдау зертханашысы, қазандық жабдығы бойынша қараушы-машинисі, қазандық және дайындау цехтарының жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь секілді мамандар дайындалады. Сондай-ақ автомобиль жолдары,  аэродромдар құрылысы және пайдалану бойынша техник-механик, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері, аспазшы және электромонтер секілді кәсіп иелері әзірленеді.
– Байқасаңыз, бұл мамандық түрлерінің барлығы қазір зор сұранысқа ие. Сондықтан жұмысшы мамандықтар дайындау ісінде сапаға ерекше мән береміз. Қоғамда жастардың көпшілігі жоғары білім алуға ұмтылатын үрдіс байқалады. Дегенмен жұмысшы мамандықтарға сұраныс ешқашан төмендеген емес. Әсіресе, кейінгі уақытта сұраныс өсіп отыр әрі жаңа кезеңнің талаптарына сай білікті маман дайындаудың талабы күшті. Жақсы маман жерде қалмайды. Кейбір жұмыс берушілердің  ұсынған жалақысы өте жоғары. Мұны елекке салып, еңбекке ынталы жастардың құлшынысы арта бастады. Мәселен, 2023 жылы колледжге 142 түлек түссе, былтыр 148 жас құжат тапсырды, – дейді колледж директоры.
Жастарды қазіргі талапқа сай келмейтін бұрынғыдай құрал-жабдықпен қызықтыра да, ынталандыра да алмайсың. Мұны оқытушы-шеберлер жақсы түсінеді. Колледжде газ-электр дәнекерлеуші мамандығы бойынша тәлім беретін Батырбек Жүзбембетов кезінде материалдық-техникалық қиындықтар болғанын жасырған жоқ. Қаржы мәселесіне байланысты кейбір құрал-жабдықтарды алуға қол қысқа еді. Қазір шеберлігін жетілдіремін деген әрбір жастың оқу орнынан жақсы маман болып  шығуына мүмкіндік бар.
– Айталық, газ-электрмен дәнекерлеу ісі шеберлікті қажет етеді. Озық құралды шебер пайдалана алу керек. Шеберханада тұрған құрал-жабдықтың барлығыдерлік кейінгі жылдары алынды. Аймақтағы өндіріс орындарында осындай аппараттармен жұмыс жасайды. Сол себепті бізде білім алған жастар еңбек етіп жатқан ұжымдарында ешқандай қиындыққа тап болған жоқ. Өздеріне сеніп тапсырылған жұмысты сапалы орындайды, – деді ол.
Қазір құрылыста озық үлгідегі техникалар пайдаланылады. Біз колледж ауласында кран, жер тегістейтін, қазатын трактор және өзге де көліктердің тұрғанын байқадық. Осының бәрі жас мамандарды дайындауға қызмет етеді. Тіпті, алғыр, іске қабілетті жастар тәжірибелі мамандардан кем түспейді екен.
– Колледжде бірқатар кәсіпорындармен меморандум жасалған. Олардың қатарында «Қызылордажылуэлекторорталығы» МКК, «Дорстрой», «Квант», «Мелиоратор», «Мұраптехсервис», «Нұрторгстрой», «Промстройсервис Е», «Хан», «Энергосервис» ЖШС секілді іргелі мекемелер бар. Барлық жұмысшы мамандықтар бойынша грант қарастырылған. Оған түскен жастардың барлығы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады. Колледждің білім алушыларына үш әлеуметтік төлем жүргізіледі. Мемлекет тарапынан шәкіртақы, ыстық тамаққа ақша беріледі. Оған қоса ауылдық жерден оқуға түскен білім алушылар үшін қалааралық қатынас (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз етуге сәйкес жылына екі мәрте өтемақы төленеді. Сондай-ақ білім алушыларға жатақхана қарастырылған, – деді Б.Қали.
Колледж түлектері арасында жеке кәсіппен айналысып жүргендер бар. Мәселен, электр газымен дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алғандар арасында халыққа қажетті көптеген бұйымдарды шығарып жатқан мамандар қатары көбейген. Ал кейбір түлектер көлік жөндеу шеберханасын ашып, кәсіпті нәсіп етуде.
Айта кетейік, колледж 2021 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан ұйымдастырылған «Жас маман» жобасына қатысты. Нәтижесінде мұнда автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды, желдеткіштерді, инженерлік жүйелерді монтаждау және пайдалану, жол-құрылыс машиналарын техникалық пайдалану мамандықтары бойынша шеберханалар жабдықталған. Сонымен қатар «Көлік жөндеу» орталығын ашуға мүмкіндік тапты. Кадрларды дайындаудың халықаралық стандарттарын енгізу, бағдарламаларды жаңартуға негіз қалады. Алынған жабдықтардың барлығы орнатылып, шеберханалар толықтай жабдықталды. Жабдықтаушы мекеме мамандарынан инженер-педагогтерді оқу курсынан өтіп, сертификатталды.
Қазақстанда қазіргі қоғамдағы еңбектің маңыздылығы мен мәні туралы хабардар болу деңгейін көтеру қажет, өйткені еңбек  елдің тұрақты экономикалық дамуының, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттырудың және әлеуметтік жауапкершілікті күшейтудің негізі болып табылады. Заманауи әлемде технологиялық прогресті қамтамасыз етуде және сапалы инфрақұрылымды құруда еңбек мамандықтары басты рөл атқарады. Дегенмен, жұмысшылардың үлесі жиі бағаланбай жатады, бұл ынтаның және жұмысшы мамандықтарды құрметтеудің төмендеуіне алып келеді.
Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға қатысты стереотиптер мен теріс пікірлерді өзгерту керек, өйткені жұмысшы мамандықтарға деген ескірген көзқарастар мен кері қатынас олардың жастар мен жалпы қоғам арасындағы тартымдылығын төмендетеді. Жұмысшы мамандықтарының жалақысы төмен, жоғары біліктілікті қажет етпейді және мансаптық болашағы жоқ деген стереотиптер көптен бері шындыққа жанаспайды. Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтары сұранысқа ие, технологиялық жағынан жетілдірілген және еліміздің өнеркәсібін, құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқаратын лайықты  төленетін мамандықтар болып табылады. 
Қарапайым еңбеккерлердің арқасында мемлекетте өнеркәсіп пен өндіріс дамып келеді. Олардың күнделікті, кейде елеусіз қалатын еңбегі елдің экономикалық тұрақтылығы мен алға жылжуының негізін құрайды. Кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін, инфрақұрылымның салынуын, қоғам өміріне қажетті тауарлар мен қызметтерді өндіруді қамтамасыз ететін жұмысшылар. Олардың үлесі жеке жетістіктерден де асып түседі – бұл мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылығына тірек болатын ұжымдық жұмыс. Олардың еңбегінің құндылығы даусыз және оны әрбір азамат Қазақстанның әл-ауқаты мен дамуының іргетасы ретінде терең ұғынуы тиіс.
Жұмысшы мамандар деп кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгеріп, дағдыланған азаматтарды айтамыз. Айталық, арнайы оқып, білім алмайынша кез келген адам дәнекерлеуші секілді мамандық иесі бола алмайды. Демек кәсіби білім алу арқылы белгілі бір мамандықты шебер игерген адамды жұмысшы мамандық иесі дейміз. Еңбек адамына аула сыпырушы, еден жуушы, көпшілік тамақтанатын асханадан мейманханаға дейінгі қоғамдық орындарды тазалаушы жандар да жатады. Дегенмен олардың бет-беделін әсте түсіруге болмайды. Өйткені қоғамға жайлы орта орнатып отырған осындай қарапайым, қатардағы еңбек азаматтары.
Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізу, қапысыз атқару қажет.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: