Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласының дамуына тың серпін берді. Ұлттық жоба аясында жер-жерде заманауи мектептер бой көтерді.
![]()
Жас өрендердің дамуына оң әсерін тигізетін жобада әрбір құрылыста экологиялық талаптар мен оқушылардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Жоба бойынша өңірде 10 мектеп салынып, сол арқылы 6900 бала жаңа білім ошағымен қамтылады. Қазірге дейін 2700 балаға арналған 5 мектеп ел игілігіне айналды.
Бұрын да «Жүз мектеп, жүз аурухана» сияқты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асқан. Одан бөлек те мектеп құрылыстары салынып жатты. Бұл жобаның бұрынғылардан ерекшелігі неде? Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің әлеуметтік желідегі парақшасындағы «Жоба өзінің ауқымы мен өзектілігі жағынан ерекше. Сондай-ақ оған ұқсас ешқандай жоба жоқ екенін атап өткім келеді. Ең бастысы, ол толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылған» деген жазбасы ұлттық жоба туралы індетіп зерттеуге ынталандырды.
Білім саласы осы жылдар ішінде бірнеше реформаны бастан өткерді. Оның арасында табысты жүзеге асқандары да, маңдайы тасқа тигендері де бар. Демографияның, ауылдан қалаға қоныс аударушылар беталысының жіті зерттелмеуі кесірінен үш ауысымдық мектептер мәселесі ушығып кетті. Бұл туралы Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында:
– Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын, – деді.
Қаланың сол жағалау бөлігінде ашылған №290 орта мектептің директоры Мөлдір Смаханова тұрғындар сұранысымен ашылған білім ошағының 900 орынға арналғанын атап өтті. Мұнда оқушыларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған. Қазір мектепте 1000-нан аса оқушы тәлім алып жүр.
– «Жайлы мектеп» жобасының ерекшелігі – қауіпсіз орта қалыптастыру екені белгілі. Өздеріңіз байқағандай, біздің ғимарат бейнекамерамен толықтай жабдықталған, турникет қойылған, балалардың барлық қауіпсіздігі сақталған. Сондай-ақ физика, химия, биология, робототехника кабинеттері соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бұл ұстаздардың оқушыларды ғылымға баулуына жол ашады. Оған қоса жас өрендер тігін, дизайн, технология кабинеттеріндегі құрал-жабдықтар арқылы белгілі бір кәсіп түрлеріне бейімделеді. Ал тамақтану мәдениеті бөлмесінде оқушылар ас әзірлеуді, дұрыс тамақтануды үйренеді, – деді мектеп директоры.
Расында, ғимаратты аралау барысында журналистер оқушылардың білім алумен бірге бос уақытын тиімді пайдалануға барлық мүмкіндік бар екеніне көз жеткізді. Жас өрендер тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату секілді спорт түрлерін де жетік меңгере алады. Ал қыздарға арналған би үйірмесі жұмыс істейді. Оған қоса ұстаздардың мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуіне арналған арнайы кабинеттер бар. Онда педагогтер баланың толық қалыптасуына әсерін тигізетін құрал-жабдықтар, оқулықтар және өзге де қажетті дүниелерді пайдалана алады.
Облыс орталығындағы тұрғындар жиі қоныстанған КБИ мөлтек ауданындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ордасында бұрынғы №197 мектептің оқушылары тәлім алады. Ұстаздар көне ғимараттың ешқандай талапқа сай келмегенін айтады. Сәулетті ғимарат пайдалануға берілгенде жергілікті тұрғындармен бірге мұғалімдердің де қуанышында шек болған жоқ. Қазір мұнда оқу процесінің қалыпты жүруіне барлық жағдай жасалған.
Баспасөз туры барысында журналистер заманауи инфрақұрылым, білім беруге қатысты көптеген жаңашылдықты көрді. Мектептің ішкі және сыртқы құрылыс ерекшелігіне назар аударды. Білім ошағының пайдалануға берілгеніне бір айдан астам уақыт өтті. Қазір мұнда 1051 бала білім алады, 43 сынып жиынтығы бар. Оларға 116 мұғалім тәлім береді.
– Ескі ғимарат ешқандай талапқа сай келген жоқ. Кезінде аталған түйткілді шешу үшін бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Дегенмен кейбірі сол күйінше қалып қойды. Енді жаңа ғимаратта ұстаздар өздерінің тәжірибесін, білімін және қабілет деңгейін көрсетуге толықтай мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ қазір бізде жеткіншектер би үйірмесіне қатыса алады. Балалардың бос уақытында кітап оқуына арналған кітапхана қорында қажетті әдебиеттердің барлығы қамтылған. Ғимаратта 2 спорт залы орналасқан. Бастауыш оқушылары бөлек спорт залға барады. Одан бөлек химия, физика, биология кабинеттері жоғары деңгейде жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі балалармен дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік-педагог сынды арнайы мамандар жұмыс жасайды. Бұл кабинеттер бөлек блокта орналасқан. Мектепте 26 кабинеттің барлығы соңғы үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталған. Акт залы 138 адамға арналған. Балалардың сабақ оқуына, білім алуына толық жағдай жасалған. Бізде спорт, қолөнер, сурет, домбыра, би үйірмелері бар, – деді мектеп директоры Еркін Ақшалов.
Оның айтуынша, мұнда робототехника, цифрлық сауаттылық, дизайн және қолөнер кабинеттері оқушылардың сапалы білім алуына оң септігін тигізеді. Оқушылардың қызығушылығыда жоғары екен.
Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған Әбу Құдабаев атындағы №197 қазақ орта мектебі алғашқы түлектерін түлетті. Жыл басында пайдалануға берілген мектепте 1079 оқушы білім нәрімен сусындаса, оның 62-сі биыл жаңа өмірге қадам басты.
Салтанатты жиында арманын арқалап болашаққа қадам басқан шәкірттеріне мектеп директоры Еркін Ақшалов ақ тілегін арнады. 2024-2025 оқу жылының мектеп үшін табысты өткенін айтып, сол үрдістің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді.
– Биылғы оқу жылы біздің мектебіміз үшін ерекше жыл болды. Себебі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының игілігін алғашқылардың бірі болып көріп отырмыз. Жаңа ғимарат – жаңа мүмкіндіктер ордасы ғана емес, елімізді жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне жасалған жағдай. Мектебімізді аяқтап жатқан 62 оқушының 52-сі ҰБТ-ға қатысады, оның екеуі «Алтын белгіге» үміткер болса, 7-і «Үздік аттестатқа» талаптанып отыр. Алда түлектерді ҰБТ күтіп тұр. Шәкірттеріміздің сол сынақтан сүрінбей өтіп, мектептің ғана емес, аймақтың абыройын асқақтататынына сенемін, – деді ол.
Шара барысында оқушылардың алғашқы ұстаздары мен ата-аналары да алғаусыз тілектерін айтып, риясыз алғыстарын білдірді.
– Қазақтың бас ақыны Абай атамыз: «Баламды медресеге біл деп бердім» дейді. Біз де осыдан 11 жыл бұрын баламызды білсін, білім нәрімен сусындасын деп әкеліп, мектеп ұжымына сеніп тапсырған болатынбыз. Аллаға шүкір, сеніміміз алдамады. Он бір жылда жақсы білім алып, тарыдай болып кірген балаларымыз таудай болып шығуда. Осындай деңгейге жеткізген ұстаздарына алғысым шексіз, – дейді ата-ана Ләззат Есенбаева.
Өткен жылы аймағымызда 6 мектеп бой көтеріп, 5 мектепке қосымша ғимарат салынып ел игілігіне табысталды.
Нәтижесінде Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.
Жаңа мектептердің ашылуы – бұл жәй ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 6 900 орынға арналған 10 мектептің құрылысы басталып, оның алғашқы 900 оқушыға арналған мектебін облыс орталығынан өткен жылы қазан айында табыстадық.
Жыл басында Жаңақорған ауданында 300 және 600 орындық екі, Арал қаласында 300 орындық және Қызылорда қаласында 600 орындық жайлы мектептерді пайдалануға бердік. Жыл көлемінде тағы 4 жайлы мектептің құрылысын аяқтаймыз.
Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүзеге асқан, құны 2,6 млрд. теңге болатын 300 орындық жайлы мектеп табысталды.
Жаңа нысанды салу арқылы апатты жағдайда деп танылған №94 орта мектептің мәселесін толығымен шешілді. Енді жасампаз істердің жаршысы болар балаларымыз қолайлы әрі қауіпсіз, заманауи жабдықталған, кең әрі жайлы мектепте білім алады. Бұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда. Ел іргесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай.
Салтанатты шарада тынымсыз еңбегімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, заманауи мектептің құрылысын салуға үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының Жалаңаш ауылынан 150 орындық мектеп салынады.
Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның ішінде, биыл 9 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Республикада алғашқылардың бірі болып, 2024 жылдың қазан айында Қызылорда қаласында 900 орындық мектеп ел игілігіне табысталды. Жыл басында Қызылорда қаласында, Жаңақорған және Арал аудандарында 4 мектеп пайдалануға берілді.
Жақын күндері, Наурыз мейрамы қарсаңында Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық мектеп ашылады. Қалған 4 мектептің құрылысына келсек, Қызылорда қаласы «Арай» мөлтек ауданындағы 1500 орындық мектептегі жұмыс 53 пайызға, «СПМК-70» шағын ауданындағы 1500 орындық мектепте 35 пайызға, Қызылжарма ауылындағы 600 орындық мектепте 62 пайызға, Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектепте 60 пайызға орындалған. Жайлы мектептер жаңа оқу жылына дейін табысталады.
Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 2023 жылы 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы басталған болатын. Өткен жылға жоспарланған 21 млрд 300 млн теңге толық игерілді. Қызылорда облысының әкімдігі инфрақұрылым жеткізу үшін жергілікті бюджеттен бөлген 118,4 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жергілікті бюджеттен 1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда 10 мектепке инфрақұрылым толық жеткізілді. Мектептердің іргелес аумақтарын абаттандыру, жол салу үшін 2 млрд 80 млн теңге қаржы қаралды. Мердігерлер анықталып, жұмыс жүргізілуде.