Азамат Оразбай өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына көшіп барды. Алғаш келгенде жалдамалы пәтердің ақшасын бір жыл бойы мемлекет төлесе, қазір «Еңбек мобильділігі орталығының» жастарға арналған үйінде тұрып жатыр.![]()
– Маған Петропавл қаласы өте жақсы ұнады. Жазы салқын, қысы тынық, табиғаты тамаша. Бірінші кезде ата-анамыз Сібірге кетіп бара жатқандай көріп, бізді жібергісі келмеді. Бірақ осындай шешімге келген соң қарсылық білдірмеді. Келіншегім екеуміз де мұғалім мамандығын бітіргенбіз. Қала орталығында біздің мамандыққа сәйкес жұмыс орны болмады. Мені «Еңбек мобильділігі орталығының» басшысы жұмысқа алды. Өзге жерге бой үйретіп, ортаға тез сіңіп кету үшін қала орталығында тұруды ұйғардық. Алдағы уақытта мамандық бойынша солтүстік өңірдің ауыл аймақтарына барып жұмыс істеуге әзірмін. Осы қалаға келіп келіншегім екеуміз қызды болдық. Бір сөзбен айтқанда солтүстік өңірде берекелі өмір кешіп жатырмыз, – дейді жас маман.
Еліміздегі еңбек күшін реттеу үшін оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жыл болды. 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру» аясында солтүстікке 735 отбасы қоныс аударған. Ал 2022 жылдан бері жаңадан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске асырылуда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нұржан Өмірзақовтің айтуынша, биыл солтүстікке көшуге 9653 адамға өңірлік квота белгіленсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 170 адамға артық.
– Биыл Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Қарағанды облыстарына квота қарастырылған. Бағдарлама 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жалпы жұмыс күші аз өңірлерге 2020 жылдан бері облыстан 708 отбасы қоныс аударды. Кейінгі 5 жылдың ішінде Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылардың қатары көбеюде, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Былтыр Солтүстік өңірлерге 122 отбасы (құрамында 431 адам) қоныс аударды. Оның ішінде Қостанайға 27, Солтүстік Қазақстан облысына 56, Павлодарға 29, Шығыс Қазақстанға 4, Ұлытауға 1, Абай облысына 5 отбасы барды.
2020 жылдан бері қоныс аударғандардың 448 немесе 81,7 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Олардың 34,8 пайызы өнеркәсіп және құрылыс, 25 пайызы ауыл шаруашылығы, 18,1 пайызы білім беру, 7,6 пайызы денсаулық сақтау, 14,5 пайызы өзге салаларда.
Көшіп барғандардың басым бөлігі Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарын ыңғайлы көреді. Бұл облыстарда ауыл шаруашылығымен айналысу үшін, өндіріс ошақтары, білім беру, денсаулық сақтау секілді салаларға жұмысқа орналасу мен ауа райының қолайлығы таңдауға сеп. Ал жыл басынан бері 8 отбасы 34 мүшесімен қоныс аударып үлгерген.
Солтүстік шақырады!Иә, жұмыс күші тапшы, халық саны аз теріскейдегі тұрғын санын ішкі көші-қон арқылы реттеу еліміздің территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Дегенмен, ондағы баспана жайы, шаруаның ыңғайы – қоныс аударушылар үшін басты мәселе. Сондықтан Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдау қажет болды. Бүгінде күнгейден терістікке қоныс аудару жайы қалай? Бағдарлама жемісін беріп отыр ма? Мұны өңірге солтүстіктен арнайы келген мамандар аузынан естіп көрелік.
– «Болашаққа бағдар» жәрмеңкесі – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді тікелей байланыстыратын тиімді алаң. Біз бұл шараға мемлекеттің жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына ықпал ететін бағдарламаны түсіндіру мақсатында арнайы келіп отырмыз. Жұмыс күші тапшы өңірлерге көшу – ел экономикасының теңгерімді дамуы үшін маңызды қадам.
Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының маңызды орталығы. Облыста жаңа жұмыс орындарын құру бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде. Жұмыс күші тапшы аймақ ретінде біз еңбек ресурстарын көбейтуге, кадр жетіспеушілігін шешуге ерекше көңіл бөлудеміз. Осы бағытта Қызылорда облысымен тығыз ынтымақтастық орнатылып келеді. 2020 жылдан бастап Қызылорда облысынан Солтүстік Қазақстан облысына 765 адам немесе 238 отбасы қоныс аударды. Бұл отбасылар қазір біздің өңірде тұрақты өмір сүріп жатыр, олардың барлығының тұрғын үйі, жері бар және әлеуметтік жағынан жақсы қамтамасыз етілген. Бұл бағдарламаның тиімділігін көрсететін нақты мысалдардың бірі. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жұмыс көп. Сонымен қатар зоотехник, ветдәрігер, жылқышы керек. Мектептерде екі және үш ауысым деген жоқ, балаларға өте ыңғайлы. Біз көшуге ниетті азаматтарды қолдауға, жаңа ортаға бейімделуге көмектесуге дайынбыз, – деді Солтүстік Қазақстан облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Аман Төрегелдин.
Шығыс Қазақстан облысы, еліміздің оңтүстік өңірлерінен, оның ішінде Қызылорда облысынан азаматтарды жұмыс күші тапшы аймақтарға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері облыстан шығысқа 3 отбасы қоныс аударып, тұрақты жұмысқа орналасып, жаңа өмір бастады. Бұл – еліміздің ішкі көші-қонын жүйелі жүргізудің, азаматтарға нақты қолдау көрсетудің нәтижесі.
– Біздің өңірде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету салаларында бос жұмыс орындары жеткілікті. Қоныс аударушыларға тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдер тағайындау, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру сияқты жан-жақты қолдау қарастырылған. «Болашаққа бағдар» жобасы – тек бос жұмыс орнын ұсыну ғана емес, бұл – жаңа өмірге жол ашу, отбасы үшін тұрақты тұрмыс пен жарқын келешекке бастар жол. Біз басым бағытты шекаралас аудандарға берудеміз. Ол Марқакөл қорығы, Қатон- Қарағай, Тарбағатай, Самар аудандарына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Алдын ала келіп, танысуға болады. Биыл 641 адамға квота қаралса, оның жартысын игеріп қойдық. Себебі, шырайлы Шығысқа келушілер көп, – дейді Шығыс Қазақстан облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Ал Павлодар облысы – көші-қон бағдарламасына ең бірінші болып қатысқан өңірлердің бірі. 2016 жылдан бері 20 000-ға жуық адам көшіп барған. Олардың 90 пайызға жуығы тұрып жатыр.
– Бағдарлама бастау алған жылдары бізде де күмән болған еді. Алайда оңтүстіктен Павлодарға келушілердің саны жыл өткен сайын артуда. Биыл біз 4050 адамды қабылдауға дайынбыз, – деді Павлодар облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Меруерт Сейтбекқызы.
Ұлытау облысы – еңбек күші тапшы, бірақ жұмысқа ниетті азаматтарға есігін айқара ашқан өңірлердің қатарында. Ол аралары бір-біріне жақын орналасқан үш қала, екі ауданнан тұрады. Тау кен саласы мен мал шаруашылығы дамыған.
– Біз жәрмеңке арқылы тек жұмыс орындарын ғана емес, жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты өмірге бастар жол ұсынып отырмыз. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан барлық тиісті қолдау көрсетіледі. Жаңа ортаға тез үйреніп, өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасалады. Ұлытау облысы – тамыры терең, табиғаты көркем, болашағы зор өңір. Сіздерді осы қасиетті аймақтың дамуына үлес қосуға шақырамыз, – деді Ұлытау облысының жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Шәміл Жұманазарұлы.
Абай облысы – әлеуеті зор, кәсіби мамандарға сұраныс жоғары өңір. Жаңадан құрылған бұл облыс бүгінде даму қарқынына ие, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Өткен жылы Қызылорда облысынан 5 отбасы қоныс аударып, өздеріне лайықты жұмыс тауып, жаңа ортаға сәтті бейімделді. Бұл – өзара сенім мен жүйелі жұмыстың нақты жемісі, – дейді Абай облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының бөлім басшысы Айдана Аманғазықызы.
Экономикалық тұрақтылыққа үлес қосОблыста жұмыссыздар санатындағы адамдар ішінде 1962-нің білім беру, 1546-ның медицина, 886-ның құрылыс, 1154-нің қызмет көрсету, 2168-нің техникалық мамандығы бар. Ал солтүстік өңірлерге дәл осы маман иелері жетіспейді. Мәселен, Солтүстік Қазақстанға 210 мұғалім, 247 денсаулық саласының маманы, 26 мемлекеттік қызметкер қажет. Қостанай облысында 229 ауыл шаруашылығы, 88 мұғалім, 57 денсаулық саласының маманына сұраныс бар. Сондай-ақ Павлодар облысына 1232 өндіріс саласының маманы, 605 білім беру, 133 денсаулық саласының қызметкері жетіспейді.
Жалпы Солтүстік өңірлерге қоныс аудару жобасы аясында өңірімізден кейінгі 5 жылдың ішінде 688 отбасы құрамында 2292 адамымен қоныс аударған. Оның ішінде 80 пайызға жуығы тұрақты жұмысқа орналасып, тұрғын үймен, біржолғы қаржылай көмекпен қамтамасыз етіліп, коммуналдық тұрғын үй және үйді жалдау шығыстарын өтеуге қаржылай қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, қоныс аударғандардың ішінен жоғары оқу орнын аяқтап тұрақты жұмысқа орналасқаны мен мемлекеттен қаржылай қолдау алып кәсібін дөңгелентіп отырғандары да бар. Бұндай қолдау шаралары қоныс аударуға ниет білдіргендердің барлығына көрсетіледі.
Қысқасы, жұмыс күшіне қажеттілігі бар өңірлерге барып, мамандыққа сәйкес еңбек көзін тауып, тиісті әлеуметтік жағдайларды пайдалануға әрі алдағы мақсаттарды бекемдеуге мүмкіндік бар. Әсіресе мұндай мүмкіндікті жастар жіберіп алмауға талаптанғаны жөн секілді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА