Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Шиеліде шырайлы істер аз емес

2025 жылғы алғашқы жартыжылдықта еліміздегі экономикалық даму және саяси тұрақтылықтың арқасында Шиелі ауданында макроэкономикалық бағыттар бойынша өсу динамикасы қалыптасып, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларында оң нәтижеге қол жеткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп, жарияланыуна орай, еңбек адамын қадірлеу, олардың қажырлы қызметін насихаттау – мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттардың бірі. Осы орайда, ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, су ресурстарын тиімді басқаруға сүбелі үлес қосқан аймақ азаматтары 9 шілде күні арнайы марапаттарға ие болды.
Сол құрметке ауданымыздан «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы, білікті маман, тәжірибелі басшы Әубәкіров Дихан Уәлиханұлы да лайық деп танылып, өз ісіне адалдықпен қарап, Шиелі өңірінің егін шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек еткені үшін "Құрмет" ордені табысталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Денсаулық Сақтау Министрлігі ұйымдастырған «Өз кәсібінің үздігі 2025» конкурсында «Үздік ауыл дәрігері» номинациясы бойынша аудандағы Жөлек ауылдық амбулаториясының аға дәрігері Төлеуов Жақып Оразұлы республика бойынша жеңімпаз атанды.
Білім саласында да республикалық «Үздік сынып жетекшісі» байқауынан кент орталығындағы №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Бөртебаева Гаухартас 1 орынды жеңіп алса, Республикалық олимпиада қорытындысы кезеңі бойынша география пәні бойынша №45 Ақ –Орда мектеп гимназиясының 10 сынып оқушысы Мұхаммедияр Аяулым жүлделі 1 орынды иеленді.
Бұл жетістік күннің ыстық-суығына қарамастан салалар бойынша маңдай тер еңбектерімен жұмыстарына белсене атсалысқан барша азаматтардың ортақ жеңісі деп санаймын және шын жүректен алғыс айтамын!
Ауданымыз жыл сайын жетістікке толы жұмыстармен аймақта өзіндік орнын алып келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын күшейтіп, бар мүмкіншілікті пайдаланатын боламыз.
Аймақ басшысының негізгі тапсырмасына сәйкес, ауданға инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, салық базасын ұлғайту, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету, көркейту-көгалдандыру, аудандағы саяси ахуалды тұрақты ұстауға негізгі басымдық берілуде.
Экономика
Аудандық бюджеттің кірістері 2025 жылға несиелерді қоса есептегенде 12 млрд 955 млн 138 мың теңгеге бекітілді.
Ағымдағы жылдың бүгінгі күнгі жағдай бойынша түзетілген бюджет несиелерді қоса есептегенде 16 млрд 335 млн 324 мың теңгеге нақтыланды. (3 млрд 380 млн 186 мың теңгеге артты)
2025 жылдың кірістер несиелерді қоса есептегенде 
1 шілдесіне болжамдалған 5 млрд 949 млн 246 мың теңгенің орнына 6 млрд 426 млн 196 мың теңгеге немесе 108 пайызға, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі болжамдалған 3 млрд 
21 млн 584 мың теңгенің орнына 3 млрд 986 млн 349 мың теңге болып 131,9 пайызға орындалды (айырмасы 964 млн 764 мың теңге).
Аудан бюджетінің шығысы ағымдағы жылдың 1 шілдесіне жалпы 5 млрд 949 млн 246 мың теңгеге жоспарланды. Маусым айының қорытындысымен 5 млрд 948 млн 884 мың теңгеге немесе 100 пайызға орындалды. 
Бұл ауқымды қаражаттар халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсартуға жұмсалуда. 
    Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Шиелі ауданында салық түсімдерін арттыру мақсатында жұмысшы топтар құрылып, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 
Атап айтқанда:
    Жыл басынан, басқа өңірлерден кәсіпкерлерді тарту бойынша 9 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, мүлікті түгендеу және қайта бағалау бойынша 244 коммерциялық нысан қайта бағаланып,  42 салық төлеушіге тексеру жүргізілді, сыртқы жарнаманы заңдастыру бойынша 43 кәсіпкерге ескертпе хаттар беріліп, қазіргі таңда 21 кәсіпкермен келісімшарт жасалды (Шарт жасаудан бас тартқан 7 кәсіпкердің жарнамалары алынып тасталды), ұзақ жалдардан бері қордаланған көлік салығы берешегін өндіру жұмыстары, басқа салық түрлері бойынша жұмыс берушілер мен кәсіпкерлерге қатысты корпоративтік табыс, мүлік, жер және өзге де салықтардың дұрыс есептелуін қамтамасыз ету мақсатында түгендеу жұмыстары (331 салық төлеуші) жүргізіліп, нәтижесінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында барлығы 158 млн 494 мың теңге салық төлемдері бюджетке түсіріліп отыр.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық мәслихатының 
2024 жылғы 24 шілдедегі «Қызылорда облысындағы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» №112 шешімі сәйкес, заң талаптарын бұзған тұлғаларға әкімшілік шара  көру бағытында жұмысшы топ құрылып рейд жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі таңда, ағымдағы жылдың маусым, шілде айларында 
73 тұлғаға әкімшілік хаттама рәсімделді. 
Атап айтқанда:
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 505-бабының 1-бөлігімен (Абаттандыру ережелерін бұзу) 58 тұлғаға ескерту, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-бабының 1-бөлігімен (Белгіленбеген орындарда заңсыз сауда жасау) 58 тұлғаға ескерту, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 
505-бабының 2-бөлігімен (Абаттандыру ережелерін бұзу бір жылда қайталап жасауы) 
4 (294900 теңге) тұлғаға айыппұл, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 412-баппен (Су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларын бұзу немесе орындамау) 
5 (68810 теңгенің 27524 теңгесі өндірілген) тұлғаға айыппұл және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-2 бөлігімен (Қоғамдық ортаны ласатау) 
1 (39320 теңге) тұлғаға айыппұл салу жұмыстары жүргізілді. 
Өнеркәсіп 
Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде де айтарлықтай өсім қалыптасты.
2025 жылы құрылыс жұмыстары басталатын және іске қосылатын жобалар 
Жыл сайын ауданда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың саны артып келеді. 
2025 жылы жобалық құны 68,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылу жоспарлануда. Бұл жобалар іске қосылғанда 233 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Құрылыс кезінде 700 адам.
 «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде Шиелі кентінде салынатын республикалық бюджеттен жобалық құны 363 млн теңгені құрайтын спорт комплексінің құрылысын бастауға 
254 млн теңге және Бестам ауылында жобалық құны 461 млн теңгені құрайтын 150 орыңдық клубтың құрылысына 346 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Шиелі кентінде 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 
50 орындық өнер мектебінің құрылысы жобасына облыстық бюджеттен 1 млрд 68 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, шамамен 80% аяқталды. (Мердігері – «СМП – Қызылорда» ЖШС).
Ы. Алтынсарин атындағы №219 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 384 млн 961 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. (Мердігер «СК и Монтаж-Строй» ЖШС).
Мектеп оқушыларының жазғы демалысын қамтамасыз ету үшін Бәйгеқұм елді мекеніндегі көл жағалауында 200 орындық сауықтыру лагерінің жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) демеуші тарапынан әзірленуде.
    Сумен жабдықтау бойынша бірінші кезеңге облыстық бюджеттен 193,2 млн теңге бөлінсе, екінші кезеңге – 99,7 млн теңге, үшінші және төртінші кезеңдерге тиісінше 130,1 млн теңгеден қаржы қаралған.
Сонымен қатар, Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Байсын ауылында инженерлік инфрақұрылым жүйелерін тартуға облыстық бюджеттен (кредит есебінен) жалпы 762,9 млн теңге бөлінді. Оның ішінде электрмен жабдықтауға – 152 млн теңге, сумен жабдықтауға – 346,6 млн теңге, газбен жабдықтауға – 264,3 млн теңге бағытталды.
Көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларын қаптау жұмыстарына 2024 жылы 83,8 млн теңге, ал 2025 жылы 88,9 млн теңге қаржы қарастырылды. Бөлінген қаржы аясында жұмыстар жүргізілуде, нәтижесінде бұрынғы құлазыған тұрғын үйлердің сыртқы қабырғалары жаңарып, көрікті келбетке ие болуда.
Ендігі кезекте, Шиелі кентіндегі Дәулеткерей көшесі №8, 10, 12, Яссауий көшесі №67, Шәкәрім көшесі №54, Дәулеткерей және Есабыз көшелері қиылысындағы №45 тұрғын үйлердің шатырын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарына 98,7 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Т. Рысқұлов көшесі №19 мекен жайында автотұрақ құрылысын жүргізу мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, 67,8 млн теңге көлемінде келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта ескі ғимарат бұзылып, құрылыс алаңы асфальттау жұмыстарын жүргізу үшін тегістелуде.
Бидайкөл, Байсын, Жөлек және 1 Мамыр елді мекендерінің кіреберісіне арка (ауыл паспорты) орнату жұмыстарына аудандық бюджет есебінен 55,7 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда аркалар орнатылып, пайдалануға берілуде.
Сонымен бірге, Шиелі ауданы бойынша 100 пәтерлік 50 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 1 млрд 500 млн теңге бөлінді. 
Қазіргі уақытта Шиелі кентіндегі «Шұғыла» мөлтек ауданында аталған тұрғын үйлердің құрылысына қажетті жер учаскелері белгіленуде. (Құрылыс жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер мекеме анықталу үстінде)
Шиелi кентінде орналасқан теміржол вокзалын жөндеу жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталды. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Дәнекер» ЖШС-гі құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Жоба сметалық құны 900 млн теңге.
Шиелі ауданы бойынша заңсыз құрылыстарды анықтау мақсатында жүргізілген мониторинг нәтижесінде құрылыс жүргізуге қажетті құжаттарын рәсімдемей, эскиздік жобасына келісім алмай, сәулет-жоспарлау тапсырмасын бекітпестен салынған 35 нысан анықталды. Оның ішінде 13 нысанға қатысты материалдар заңға сәйкес шара қолдану үшін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына жолданып, 6 нысан иесіне әкімшілік айыппұл салынып, 7 нысан бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған нысандардың 22-сі нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы үшін өзгертілді.
Автомобиль жолдары
Шиелі ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 323,4 шақырым.Оның, 80 шақырымы Республикалық, 98 шақырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдар. 
Аудандық маңыздағы 145,4 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының бүгінгі күнге 130,4 шақырымы (89,7 пайыз) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал, облыстық және республикалық маңыздағы жолдар 100 пайыз асфальтталған.
Бүгінгі күнге ауданда 16 елді мекен (Шиелі кенті, Бәйтерек, 22 бекет, Ы.Жақаев, Ақмая, Досбол датқа, Алмалы, Бестам, Жиделіарық, Байсын, Еңбекші, Алғабас, Н.Бекежанов, Ә.Тәжібаев, Ш.Қодаманов, Ортақшыл) табиғи газбен қамтылған. Газдандыру үлесі халық санына шаққанда 80 пайызды құрайды.
Қазірде Иіркөл ауылдық округі, Жансейт (447 адам), Алмалы ауылдық округі 21 бекет (510) елді мекендерінде газ тарту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Шиелі кенті, Береке мөлтек ауданына газ тарту жұмыстары қолға алынды, жыл аяғына дейін толығымен қосылатын болады.
Шиелі ауданы бойынша сапалы ауыз сумен 85 871 тұрғын 100 пайыз қамтамасыз етілген. (Оның ішінде орталықтандырылған ауыз су жүйесімен 22 елді мекен, жергілікті су көздері (скважина) арқылы 12 елді мекен, «ТеміржолСу-Қызылорда» ЖШС-імен 3 елді мекен қамтылған.)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 
23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 
2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес халық саны 200 адамға дейінгі елді мекендерге су тұщытқыш кешенді блок-модульдер орнату қажет делінген. Осы ретте, 
2025 жылы Ақтам және Тоғайлы елді мекендеріне су тұщытқыш кешенді блок-модульдер орнатуға аудандық бюджеттен 42,0 млн теңге қаржы бөлініп, су тұшытқыш қондырғылар орнатылды.
Өткен жылы Бидайкөл, Жиделіарық және Ә.Тәжібаев ауылдарын сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен барлығы 152 млн 501 мың теңге қаржы бөлінген. Бас мердігер «Строительная компания Орда-Құрылыс» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, бүгінгі күнге 152 млн 501,0 мың теңге қаржы игерілді.
Шиелі ауданы бойынша жалпы білім беретін 38 мектеп, 2 жеке мектеп, 18 мемлекеттік, 75 жеке бала бақша жұмыс жасайды. Аудан бойынша үш ауысымдық және апатты жағдайдағы білім беру мекемелері жоқ. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: