Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қармақшыда қарқынды істер көп

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында бұқаралық спортты дамыту және тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның айқын көрінісі - ІІІ-Интернационал ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің тұрақты жұмыс істеуі.

2023 жылы пайдалануға берілген нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, ауыл тұрғындары мен жастар үшін спортпен айналысуға қолайлы орта қалыптастырды. Кешеннің жалпы аумағы 799,4 шаршы метрді құрайды.
Бүгінде мұнда күніне орта есеппен 80-ге жуық адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Жастармен қатар ересек тұрғындар да кешен қызметін белсенді пайдаланып, денсаулықтарын нығайтуға және бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алуда.
Спорт нысанында күрес және жаттығу залдары жұмыс істейді. Сонымен қатар, дзюдо секциясы бойынша жүйелі жаттығулар жүргізіліп, жас спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуда. Білікті жаттықтырушылардың еңбегі нәтижесінде ауыл жастарының спортқа қызығушылығы артып, жаңа буын спортшылары қалыптасуда.
Аудан көлемінде мұндай инфрақұрылымдардың дамуы бұқаралық спорттың кеңінен таралуына ықпал етіп, тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына жол ашуда.
ІІІ-Интернационал ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені - бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды әлеуметтік нысандардың бірі болып отыр. 
Ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында бірқатар стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Көгілдір отын» тарту жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған.
Осы бағытта Дүр Оңғар ауылында ауқымды жоба толық аяқталып, қазіргі таңда нысан пайдалануға берілген және тұрғын үйлер табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрмыстық жағдайды жеңілдетіп, экологиялық және экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін маңызды қадам болды.
Сонымен қатар, Төребай би ауылында газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында ұзындығы 21,26 шақырым газ құбырын тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 17,5 шақырымы төселіп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Жоба аясында 98 тұрғын үйге газ нүктелерін орнату көзделсе, қазіргі уақытта 60 үй толықтай қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен аяқталуда.
Ал Иіркөл ауылында да газдандыру жобасы іске асырылуда. 2026 жылы басталған жоба аясында қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 6 шақырымға жуық газ құбыры тартылған. Жобаны 2027 жылға дейін толық аяқтау жоспарланған. Нысан басында қажетті техникалар мен жұмыс күштері толық жұмылдырылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, энергия ресурстарын тиімді пайдалануға және өңірдің инфрақұрылымдық дамуын арттыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жаңажол ауылдық округінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау саласы округтің әлеуметтік дамуындағы басым бағыттардың бірі болып саналады.
Округ тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ауылдық амбулатория көрсетеді. Бұл мекеме халықтың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу және уақтылы медициналық көмек көрсету бағытында үздіксіз жұмыс атқарып келеді.
Дәрігер Д. Елеусінованың мәліметінше, ауылдық амбулатория тәулігіне орта есеппен 35 азаматты қабылдайды. Медициналық мекемеде тұрғындарға тек емдеу қызметтері ғана емес, сонымен қатар профилактикалық шаралар да тұрақты түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, жоспарлы екпе егу, скринингтік тексерулер, созылмалы ауруларды ерте анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жүйелі ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Жүктілік кезеңіндегі әйелдерге медициналық бақылау жүргізіліп, балаларға профилактикалық тексерулер мен қажетті екпелер уақытылы жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және аурулардың алдын алуға бағытталған.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың бірі-тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Осыған сәйкес, округ тұрғындары қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтылып, әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылуда.
Жаңажол ауылдық округінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру және халыққа қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ақжар ауылдық округінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары ауылішілік жолдарды жөндеу мен көлік қатынасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Бүгінде округтегі көшелердің басым бөлігі асфальтталып, тұрғындардың еркін әрі қауіпсіз қатынауына мүмкіндік жасалған. Бұл бағыттағы жұмыстар ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға да ықпал етуде.
Ағымдағы жылы жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Ораз ахун және Ж.Тұяқбаев көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Жоба аясында жол жабындысы толық жаңартылып, көшелердің сапасы мен қауіпсіздігі артады. Нәтижесінде тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасып, көлік қозғалысы анағұрлым ыңғайлы болмақ.
Жол жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Ақжар ауылдық округіндегі жолдардың сапалық көрсеткіші жақсарып, елді мекеннің көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл өз кезегінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға сеп болады. 



Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: