"РЗА" ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қамтамасыз етеді
Күн санап мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары кәсіпорындарымыздың аяғынан тік тұрып, бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасауда. Ендігі кезек қарапайым қазақстандықтарда. Ол үшін бүгінгідей қаржылық қиын кезеңде кез келгеніміз өз елінің патриоты ретінде дүкеннен Қазақстанда жасалған өнімдерді сатып алуы қажет.
Қазалы ауданындағы тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетіп отырған кәсіпорынның бірегейі – «РЗА» АҚ. Мал және сүт өнімдерін өндірумен және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорынның өндіріс қуаттылығы тәулігіне 3,6 тоннадан астам сүт өнімдерін шығара алады. 2010 жылдың 2-ші жартыжылдығында іске қосылған кәсіпорын химиялық қоспасыз, табиғи таза өнімдерді өндірумен айналысады. Ішкі нарықтағы сұранысты 100 пайызға қаматамасыз етіп отырған «РЗА»-лықтар қазіргі таңда сүт өнімдерін өзге өңірлерде де тұтынушылар назарына кеңінен ұсынуда.