АЭС үшін неге ұлттық кадрлар мен технологиялар маңызды?
Бұл туралы сұхбатында Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев айтып берді.
– Атом электр станциясын пайдалану кезінде ядролық қауіпсіздік мәселелері бірінші орында тұрады. Бұл ретте негізгі факторлардың бірі – кәсіби кадрлар. Бүгінде оларды даярлау ісі қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Білікті мамандарды даярлау – кез келген атом электр станциясын қауіпсіз пайдаланудың негізгі шарттарының бірі. Бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану саласындағы БҰҰ-ның жетекші ұйымы болып саналатын Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) өзінің «Research Reactor Exercises for Higher Education Programmes» (2024) атты әдістемелік нұсқаулығында атом энергетикасын дамытып жатқан елдерге кадрларды кезең-кезеңімен даярлау жүйесін ұсынады.
Бірінші кезең – энергетикалық реактордың шағын үлгісі болып табылатын критикалық стендте оқыту. Бұл болашақ мамандарға физикалық үдерістерді, реакторды басқару негіздерін және ядролық қауіпсіздік қағидаттарын қауіпсіз жағдайда меңгеруге мүмкіндік береді.
Екінші кезең – зерттеу реакторында практикалық даярлықтан өту. Мұнда мамандар нақты ядролық қондырғымен жұмыс істеу дағдыларын игереді.
Осындай толыққанды инфрақұрылым бүгінде Қазақстанның Ядролық физика институтында қалыптастырылған. Институт базасында атом саласына мамандарды практикалық даярлаудың толық циклін қамтамасыз ететін критикалық стенд пен ВВР-К зерттеу реакторы жұмыс істейді.
Институтта кадр даярлау бағыты жиырма жылдан астам уақыт бойы жүйелі түрде дамып келеді. МАГАТЭ және АҚШ Энергетика министрлігімен бірлесіп үш мамандандырылған оқу орталығы құрылған. Олар:
* радиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (2000 жыл);
* бұзбай бақылау жөніндегі оқу орталығы (2003 жыл);
* ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (2016 жыл).
Осы уақыт ішінде аталған орталықтарда Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен келген бес мыңнан астам маман білім алып, біліктілігін арттырды.
Қазіргі таңда Қазақстан атом энергетикасы саласына мамандар даярлауға арналған толыққанды инфрақұрылымы бар санаулы мемлекеттердің қатарына кіреді. Ядролық физика институтының базасында МАГАТЭ ұсынымдарына сәйкес келетін жүйелі даярлау моделі қалыптастырылған. Ол критикалық стендте реакторлық қондырғылардың жұмыс істеу қағидаттарын меңгеруден бастап, зерттеу реакторында практикалық дағдыларды игеруге және радиациялық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік пен бұзбай бақылау бағыттары бойынша мамандандырылған оқу орталықтарында білім алуға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Мұндай жүйе халықаралық стандарттарға сай үздіксіз кадр даярлауды қамтамасыз етіп, еліміздің жоғары білікті кадрлық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осындай бірегей ғылыми-білім беру базасының болуы Ядролық физика институтын Қазақстанның атом энергетикасы саласы үшін кадр даярлайтын негізгі ұлттық орталық ретінде қарастыруға негіз болады. Алғашқы атом электр станциясын салу жобасын іске асыру жағдайында бұл стратегиялық маңызға ие. Өйткені ол еліміздің технологиялық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, атом энергиясын пайдалану нысандарының қауіпсіз жұмысын ондаған жыл бойы қамтамасыз ететін кәсіби мамандар қауымдастығын өз күшімен қалыптастыруға мүмкіндік береді.