Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ядролық физика институты – Қазақстанның атом саласына кадр даярлайтын негізгі орталық

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту тек заманауи инфрақұрылымды салуды ғана емес, сонымен қатар өзіндік кәсіби мектепті қалыптастыруды да талап етеді. Білікті физиктерсіз, инженерлерсіз, технологтарсыз, радиохимиктерсіз, ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласының мамандарынсыз атом нысандарының сенімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және елдің технологиялық тәуелсіздігін сақтау мүмкін емес.



Қазақстанда мұндай мамандарды даярлауда шешуші рөлді Ядролық физика институты атқарады. Оның басты артықшылығы – ғылымды, өндірісті және қолданыстағы ядролық-физикалық қондырғылар базасында кадрларды практикалық даярлауды ұштастыруында.

Институт еліміз үшін бірегей эксперименттік инфрақұрылымға ие. Оның құрамына ВВР-К зерттеу реакторы, критикалық стенд, үдеткіш кешендері, циклотрон қондырғылары, ядролық физика, материалтану, радиохимия, радиоэкология, нейтрондық зерттеулер және радиациялық қауіпсіздік зертханалары кіреді. Осы базада іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіледі, материалдар сынақтан өткізіледі, медициналық радиоизотоптар мен радиофармацевтикалық препараттар өндіріледі, сондай-ақ атом саласы үшін мамандар даярланады.

ВВР-К зерттеу реакторының маңызы ерекше. Оқу макеттері мен компьютерлік тренажерлардан айырмашылығы, ол мамандарға нақты ядролық қондырғымен жұмыс істеуге, нейтрондық-физикалық үдерістерді, басқару және қорғау жүйелерін, радиациялық бақылауды, пайдалану режимдерін және қауіпсіздік талаптарын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді. Дәл осындай даярлық болашақ маманда тек теориялық білімді ғана емес, кәсіби жауапкершілікті және ядролық нысанда жүріп жатқан нақты үдерістерді терең түсінуді қалыптастырады.

Институттың критикалық стенді энергетикалық реактордың шағын ауқымды физикалық моделі болып табылады. Ол реакторлар физикасын зерделеу, оқу эксперименттерін жүргізу және ядролық энергетикалық қондырғыларды пайдалану жөніндегі мамандарды даярлау үшін пайдаланылуы мүмкін. Критикалық стенд пен ВВР-К реакторы біріге отырып, теориялық дайындық пен модельдеуден бастап қолданыстағы қондырғыда практикалық жұмыстарды орындауға дейінгі бірізді оқыту жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде институт Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары және докторанттары тәжірибеден өтетін негізгі ғылыми алаңдардың бірі болып табылады. Жас мамандар ғылыми жобаларды орындауға, эксперименттік жабдықтармен жұмыс істеуге, зерттеу нәтижелерін өңдеуге және ғылыми жарияланымдар дайындауға тартылады. Мұндай тәсіл олардың оқу барысында-ақ кәсіби ортаға енуіне және тек университет аудиториясында қалыптастыру мүмкін емес құзыреттерді меңгеруіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, атом саласы үшін кадрлар даярлау тек болашақ атом электр станцияларын пайдаланумен ғана шектелмеуі тиіс. Салаға радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу, радиациялық мониторинг, бұзбайтын бақылау, ядролық деректер, материалтану, цифрлық қауіпсіздік жүйелері, физикалық қорғау және төтенше жағдайларға ден қою салаларындағы мамандар қажет болады. Бұл бағыттардың барлығы бүгінде институт қызметінің құрамында бар.

Ең маңызды міндеттердің бірі – ұрпақтар сабақтастығын сақтау. Атом саласында білікті маман даярлау ұзақ жылдарды талап етеді. Тек диплом алу жеткіліксіз – тәжірибелік мектептен өтіп, қатаң регламенттер жағдайында жұмыс істеуді үйреніп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қажет. Сондықтан институттың жетекші ғалымдары мен инженерлерінің тәжірибесі жас қызметкерлерге жүйелі түрде беріліп отыруы тиіс.


Асхат Бекбаев, PhD

ҚР Атом энергиясы агенттігі Ядролық физика институты 
бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары.




Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: