Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТҮЛЕКТЕРДІҢ 70 ПАЙЫЗЫ ҰБТ ТАПСЫРАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТҮЛЕКТЕРДІҢ 70 ПАЙЫЗЫ ҰБТ ТАПСЫРАДЫ

 

Биыл Қызылорда облысында 6570 оқушы орта мектепті бітереді. Оның 4574-і яғни 70 пайызы Ұлттық біріңғай тест тапсырады. Бұл туралы бүгін аппарат мәжілісінде айтылды.
Сынақ тапсыруға ниет білдіргендердің басым бөлігі жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша мамандықтарды таңдауда. Айта кетейік, 37 мектеп бітіруші Ресей, Грузия, Қазақстан, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде халықаралық ғылыми жобаны қорғау арқылы мемлекеттік оқу гранттарын алдын-ала жеңіп алды. Бұл мектеп бітірушілер министрліктің бұйрығы негізінде ҰБТ-ден босатылатын болады. 
Облыста 9 ҰБТ өткізу пункті жұмыс жасайды. 7-і аудан орталықтарында, 2-і Қызылорда қаласында орналасқан. Олардың барлығы да Ереже талаптарына сәйкес жабдықталуда. Мектеп бітірушілер ай сайын 2-3 реттен ҰБТ өткізу пунктінде және мектептің базасында айына 4 реттен сынама тест тапсыруда. Сынама тест қорытындылары ата-аналармен бірге талданып, төмен болған жағдайда дайындықты күшейту, жақсарту шаралары қарастырылып келеді. Бүгінгі күнгі сынама тест бойынша облыстың орташа балы 88,3-ті құрап отыр. «Алтын белгіге» 352, «Үздік аттестатқа» 135 оқушы үміткер. 
Арал ауданындағы «Қамбаш», Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» қосымша білім беру орталықтары мен Сырдария ауданындағы «Жалын», Жаңақорған ауданының «Тау самалы» оқушылар тынығу лагерінің базасында 3108 түлек дайындық курсынан өтті. Оған 76 млн 756 мың теңге қаржы қаралған. Мектеп бітірушілердің аз қамтылған отбасы балалары үшін сынама тест кітапшаларын сатып алуларына жергілікті бюджет есебінен 22 млн қаржы бөлінді.
- Мен соңғы бір апта ішінде барлық аудандарда болып, ұстаздар мен мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, пікірлестім. Оқушылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Ендігі мақсат жауапты мекемелер балаларды тасымалдау, тамақтандыру мен қауіпсіздік және тест тапсыратын орындардың 100 пайыз дайындығын қамтамасыз етулері қажет. Сонымен қатар, психологтар түлектермен жұмысты күшейтуі тиіс, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: