Қазалы ауданында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге жұмыссыздар мен бірге жұмыс іздеуші мүмкіндігі шектеулі жандар шақырылды.
Жәрмеңкені аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмыспен қамту және еңбек қатынастары секторының меңгерушісі Мереке Табынбаева Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңын және қажетті мамандықтарды оқу жөнінде жәрмеңкеге қатысушыларға түсіндірді. Жәрмеңкеде Қазалы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Г.Әуезова өз саласы бойынша жұмыссыздарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, түрлі жұмысшылыққа және мамандығы бойынша жоғары және арнаулы орта білімді жұмыссыздарды жұмысқа шақырды.
Жәрмеңке барысында оған қатысушыларға 8 мекемелер мен кәсіпорындардан, жеке кәсіпкерлерден 30 бос жұмыс орындары және Қостанай облысы бойынша 692 мекемелер мен кәсіпорындардан 1183 бос жұмыс орындары ұсынылды. Алайда Қостанай облысына жұмысқа баруға өтініш білдіргендер жұмыссыздар болған жоқ.
Қорытындысында аудан бойынша 4 жұмыссыз адам тұрақты жұмысқа, оның ішінде 1 жұмыссыз ІІІ-топ мүгедегі Қазалы қаласындағы аграрлық-техникалық колледжіне қарауыл болып жұмысқа жіберілді. Жұмыс беруші өкілдері және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы, «Жастарды қолдау орталығы» және «Жас орда» жастар қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері жұмыс іздеушілердің сұрақтарына жауап беріп, бос жұмыс орындары туралы кітапшаларды таратып, түсінік жұмыстарын жүргізді.