ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің «Оңтүстік өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағы» ММ-нің кезекшілігіне Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшісінен Сырдария өзенінің ортасындағы арал жағасында белгісіз бір бойжеткен көмек сұрағаны жөнінде хабар түсті.
Оқиға орнына ҚР ІІМ ТЖК «ОӨАЖҚЖ» ММ-нің басшысы Б.Ембергеновтің басқаруымен 5 құтқарушы шықты. Анықтау барысында Сырдария өзенінің аралында 1998 жылы туылған жергілікті колледж студенті, өз еркімен жүзіп барып кері қайта алмаған.
Жасақ құтқарушылары шұғыл әрекет етіп, зардап шегушіні құтқару жұмыстарына кірісіп кетті. Үрлемелі қайықтың көмегімен киімдері су болған тоңып қалған қызды жағаға шығарып, жедел-жәрдем қызметкерлерін шақырып, жылы киімдерді кигізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Құтқарылған азаматша қорқынышты сезіммен не жағдай болғанын түсіндіріп, айтып бере алмады. Құтқарушылардың жедел және кәсіби жұмыстарының арқасында қызды құтқару операциясы сәтті аяқталды.