Арал аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы А.Сәдуақасова ұйымдастырған басқосуға аудан дамуына елеулі үлес қосқан зейнеттегі ақ жаулықты аналар, мемлекеттік мекемелерді басқарушы қыз-келіншектер мен іскер әйелдер қатысты. Көпке үлгі болар нәзік жандыларға арнайы ақ дастархан жайылды.
Жиынға қатысқан 70-тен астам іскер әйелдерді Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов шуақты көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, гендерлік және демографиялық саясат, ана мен бала саулығы, әйелдің қоғамдағы орны, еселі еңбектері жайлы тілге тиек етті. Дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі.
Мерекелік ақ дастархан басында ақ тілектер айтылды, ән шырқалды, сахналанған көрініс қойылды. Әсерге толы шаттықты шара барысында нәзік жандылардың әрбіріне гүл шоқтары ұсынылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.