Қарағанды қаласында еліміздің барлық өңірінен 16 команда қатысқан еркін күрестен 1998-2000 жылдары туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 200-ге жуық палуандар шеберлік байқасты.
Аталмыш бәсекеде әйелдер күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Жандос Бөрібеков пен еркін күрестен жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Серік Әбдімәуленов жетекшілік жасаған қызылордалық спортшылар облыс үмітін ақтап, жүлделі оралды. Олар тартысқа толы ел чемпионатында бір алтын, бір күміс, үш қола медальға қол жеткізді.
Атап айтсақ, №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары Асылзат Сағымбай (40 келі) ел чемпионы атанса, Зина Қыстаубаева (43 келі) күміс жүлдені иеленді. Аралдық Жаннұр Жаңабаева (43 келі) мен Айман Нұржаубай (65 келі) қола жүлдені еншіледі.
Ал ұлдар арасында сынға түскен Асқар Медине (спорт интернат) 76 келі салмақта үшінші орынға ие болды. Қазақстан чемпионы атанған Асылзат Сағымбай үстіміздегі жылдың мамыр айында Үнді елінде өтетін Азия чемпионатына қатысады.