Жедел жәрдем көлігін 40 жыл жүргізген «Шумахер» апа
Аягөздің көшесімен жүйткіп бара жатқанымызда алдымыздан қасына немересін салып алған «пенсия» жасындағы апаны көріп қалдық. «Оппааа» деп тоқтай қалып сұрасақ, апамыз бізге керек нағыз кейіпкер болып шықты.
Гүлімхан Садықова 40 жыл «УАЗ-таблетканың» құлағында ойнаған тіс қаққан "шумахер" екен. Үлкен жылдамдыққа үйреніп қалған апамыз, жай жылдамдықпен жүрсе іші пысады.
Қазақтың қонақжайлығымен біздерді үйіне қонақ етті.
16 жасынан жұмысын бензовод рөлінен бастаған апамыз зейнетке шығар жасында су жаңа реанимобильді тізгіндепті.
Ауданның ұңғыл-шұңғылын аралап шақыртуға барып жүргенде, көлігі бұзылып, талай әйелдің толғағын да қабылдаған. Кешігіп келгені үшін таяқ та жеген кездері болыпты.
Уаз көлігінің «денсаулығын» моторының дыбысынан-ақ ажырататын тәтеміз, көлігі «сырқаттанса», шашып жіберіп жинап алатын да өнері бар екен.
«Иәәә, қазір темір тұлпарды жүргізіп жүрген нәзік жандылар көп қой, оның несі жаңалық?»- деп жатқандарыңыз болуы мүмкін. Бірақ, сонау 70-жылдары бұл нағыз «сенсация, хит» болатын. Басқасы басқа, жедел жәрдемін жүргізетін, әйелдер кемде кем. Ішшөө, Гүлімхан апа аудан бойынша «тачкаға» отырған тұңғыш әйел.
Жуықта Гүлімхан апай құрметті зейнеткер атаныпты. Ол қазір Құдай қосқан қосағының қасында үш баласы бес немересінің қызығын көруде.
40 жылдан астам уақыт дәрігерлерді діттеген жеріне жеткізіп, хал үстінде жатқан науқастарды жанын шүберекке түйіп, аураханаға жеткізген апаймыздың сіңірген еңбегі ,шынында да, орасан зор.