Қызылордадағы №1 мектепте 81 оқушы неге уланып қалды?
Қызылорда қаласындағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясы оқушыларының улану дерегі бойынша облыстық прокуратура өз мәлімдемесін жасады. Бұл жайында облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Үстіміздегі жылдың 10 сәуірінде Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының (бұдан әрі-ҚІІБ-сы) жедел басқару орталығына Қызылорда қаласы, Тоқтыбаев көшесінде орналасқан Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында оқушылардың белгісіз заттан уланып, облыстық медициналық орталығына және облыстық балалар ауруханасына түсіп жатқандығы жөнінде хабарлама түскен.
Нақтыласақ, №1 мектеп-гимназиясы оқушыларының 2-ші ауысымдағы сабаққа, оқу сыныптарына кіргеннен кейін бірнеше балалардың бастары айналып, тамақтары қышып, лоқсып және өздерін жайсыз сезінуіне байланысты мектепте сабақ тоқтатылып, оқушылар тез арада далаға шығарылып, «103» жедел жәрдемі шақыртылғандығы анықталды. Медициналық орталықта барлығы 67 оқушы қаралды, 4-і жансақтау бөліміне түскен, қалғаны емделуде. Оқиға орнына, арнайы мемлекеттік мамандандырылған органдар мен «КазтрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметкерлері келіп, арнайы тексеру жүргізіп, қандай да бір улы заттар анықталған жоқ. Бұл дерек бойынша сол күні ҚІІБ-мен ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігімен яғни бұзақылық дерегімен қылмыстық іс қозғалып, қазіргі кезде тергелуде.
Осыдан кейін, 14.04.2015 жылы №1 мектеп-гимназиясының оқушылары белгісіз заттан уланғандары жөнінде дерегі қайтадан орын алған, яғни мектептің 33 оқушысы уланып, олардың барлығы ауруханаға жатқызылғаны (оның ішінде 19 оқушы 10.04.2015 жылы орын алған оқиға бойынша ауруханада қаралып, шығарылғандардың қайта жеткізілгендігі) анықталды. Жалпы, аталған оқиғалар салдарынан барлығы 81 оқушы уланып, ауруханаға жатқызылған.
Қазіргі таңда, аталған дерек бойынша Астана қаласының және жергілікті мемлекеттік құзырлы органдардың тиісті сала мамандарымен зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мамандарымен күнделікті 2-3 сағат сайын ауадан сынамалар алынып, оларды зерттеу нәтижелерімен әзірге деректің орын алу себептері анықталмауда.
Тергеу органымен қылмыстық іс бойынша тиісті сот сараптамалары тағайындалып, нәтижесі күтілуде. Тергеу барысында болған оқиғаның тексеруі жан жақты және нәтижесімен заңды шешім қабылдануы қамтамасыз етіледі. Істің тергелуі Қызылорда облыстық және қалалық прокуратурасының қатаң бақылауына алынды.
Оқыс оқиға туралы бұдан бұрын да хабарлаған болатынбыз.