Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысовтың жетекшілігімен кентті газдандыру жобасы сөз болды. Жиында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сервистік жобалар бойынша департаменті директоры Бердібек Рахимов газдандыру жайлы түсінік берді.
Жаңақорған ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір тұрғын үйді газдандыру құны жоба-сметалық жұмысы мен пайдалануға қабылдауды қоса есептегенде 25 метр құбырға қосымша құн салығымен 138 155 теңге. Ал , тұрмыстық газ есептегіш құны ҚҚС-мен бірге 10 000 теңгеден басталса, жылыту пешінің құны тұрғын үй ауданына байланысты 80 000 теңгеден басталады. Яғни, орташа есеппен әрбір абонентке 228 155 теңге көлемінде қаржы керек. Әзірге алғашқы газ желісін тарту аймақтары нақтылануда.