Шымкент ғалымдары шұбаттың сақталу мерзімін ұзарту тәсілін ойлап тапты (ВИДЕО)
Шымкенттік ғалымдар шұбатты кептіріп, оның сақталу мерзімін ұзарту тәсілін ойлап тапты, деп хабарлайды 24.kz.
Өнертапқыштар түйе сүтiнен балқаймақ пен дәрі пішіндес құрғақ шұбат таблетка өндірген. Ғалымдар қымыраннан жасалған өнімдерді ғарышкерлердің тамақ өнімдеріне тәжірибе ретінде де қолданып көрмек. Өйткені шұбат адам бойындағы қан қысымын реттеп, өт жолдарының жұмысын жақсартады екен. Мұсатіллә Тоқановтың ғылыми орталығы шағын сүт зауытынан кем емес. Мұнда шұбаттың құрамын зерттеп, дайын өнім шығаратын арнайы қондырғылары да бар. Түйе сүті ұзақ уақыт сақтауға келмейді. Тез ашиды. Шұбаттың құрамы өзгерген соң, шипасы болмай қалады екен. Сондықтан оны кептіріп, түрлі өнім жасар кезде бастапқы табиғи қалпын сақтуға тырысамыз дейді ғалымдар. Мұсатіллә Тоқанов, ғалым: - Біз шұбаттың құрамын табиғи қалпында сақтап қаламыз. Оған консерванттар мен химиялық қоспалар қоспаймыз. Біз тек сүттің қышқылдану процесін тежейміз. Сондықтан өнімнің сапасы сақталады. Жаңалыққа жаны құмар жандар қымыраннан жасалған өнімдерін патенттеп те алыпты. Құрғақ шұбат экспорттауға қолайлы. Таблеткаларды екі жылға дейін сақтауға болады.
Мамандар табиғи өнімдерін EXPO-2017 көрмесіне ұсынбақ. Қымыранды жоғары технологиямен өңдеу ел экономикасына да көп септігін тизігеді. Қосымша пайданы айтпағанның өзінде бұл сусынның ұлт саулығы үшін алар орны бөлек дейді өнертапқыштар. Дәулетбек Ходжибергенов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғылым және өндіріс департаментінің директоры: - Қазіргі таңда бұл жоба – кезек күтпей қолға алатын мәселенің бірі. Өйткені ауылшаруашылығы өнімдерінің ішінде дәл осы түйе сүті терең өңделмейді. Сауылған сүт күйінше тұтынады. Терең өңдеуге арналған жоба өте қажет деп ойлаймын. Емдік қасиеті мол шұбаттың ұлттық брендке айналуы да ғажап емес. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәстүрлі сусынды жоғары бағалап отыр. Ғалымдар мемлекеттен түйе сүтін тереңдеп өңдеу технологиясын жандандыру бағытында 10 миллион теңге көлемінде грант ұтып алыпты. Енді өз күштерімен отандық өнім шығаруды қолға алмақ.