Қызылордада «Бизнес-Өсу» жобасы белсенді жүзеге асырылуда
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бизнес-Өсу» жобасын белсенді жүзеге асыруда.
«Бизнес-Өсу» жобасы жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлерге кешенді қызмет түрлерін: атап айтқанда кәсіпкердің қалауы бойынша қысқа мерзімді оқытулар, таңдаған тақырыбына сай қажетті оқу материалдарымен қамтамасыз етуді, ақпараттық-талдамалық қолдау көрсету, басым салалар бойынша маркетингтік зерттеулер ұсынуды т.б. қамтиды.
Өткен жылы «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында біліктілігін көтерген қызылордалық кәсіпкер, «Жаса Агро» ЖК басшысы Қосанов Самалбек биыл Кәсіпкерлер палатасына «Бизнес-Өсу» жобасы аясында қызмет түрлерін алуға өтінім білдіреді.
Нәтижесінде Кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеуімен Самалбек Қосанов жоғарыда аталған қызмет түрлерімен толықтай қамтамасыз етіліп, өсімдік шаруашылығы саласындағы жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Жалпы құны 10 млн.теңге тұратын жоба «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы қаржыландырылды. Аталмыш қаржыға 20 га жер дайындалып, аталмыш жерді тамшылатып суғаруға арналған жүйе, қажетті тұқым алынды.
Қазір кәсіпкердің егіндік мақсатында пайдаланып отырған жерінде арам шөптер өсіп, қолдануға жарамсыз болған. Дегенмен кәсіпкер (Самалбек Қосанов бір жағынан өсімдік шаруашылығын зерттеуші ғалым) ұзақ жылдардан бергі тәжірибесін қолдана отырып, таза табиғи өнім алуды жоспарлауда. Бүгінде 20 га жердің 5 га-на картоп, 10 га-на қауын, қарбыз, қалғанына көкөністер егілген. Бұл жөнінде кәсіпкердің өзі: «Мен бұл кәсіп арқылы біріншіден – тұтынушыларды жергілікті табиғи өнімдермен қамтуды, екіншіден - қауынның жойылып бара жатқан түрін жаңғыртуды, үшіншіден сумен қаматамасыз етілуі қиын жерлердің мәселесін шешуді көздеудемін», - дейді.
Айта кету керек, жыл басынан бері «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында 620 қызылордалық оқып шықты. Ал «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 83,5 млн.теңге болатын, 14 жоба қаржыландырылып, 52 жаңа жұмыс орны ашылды.