Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде жеке кәсіпкер Нұртаевтың өтініші қаралды. Бұл жайында облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі мәлім етті.
Кәсіпкер Нұртаев 2008 жылы Қызылорда қаласының әкімдігіне «Тауарлы балық және оны өңдеу өндірісін ұйымдастыру» инвестициялық жобасын іске асыру мақсатында Иіркөл учаскесінде орналасқан тоған шаруашылығының 350 гектар жер телімін ұзақ мерзімге жалға беру туралы өтініш білдірген. Алайда, әкімдік тарапынан заңдылыққа сәйкес мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін пайдалану құқығы аукцион, конкурс негізінде жүзеге асырылады деп жауап беріледі.
2010 жылы облыс әкімінің орынбасары құзырлы мемлекеттік органдарға кәсіпкердің инвестициялық жобасын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы бар стратегиялық инвестициялық жобалар қатарына енгізуді, сондай-ақ сол кездегі қала басшысына қажетті жер телімін бөлуді тапсырады.
2011 жылы Нұртаевтың жобасы Үдемелі индустриялық даму бағдарламасы бойынша аймақтық үйлестіру кеңесі отырысында мақұлданып, индустриаландыру картасына енгізіледі. Бірақ, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде инвестициялық басым жобаларды іске асыру үшін жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы сауда-саттықсыз жүзеге асырылады деп белгіленгендігіне қарамастан, қала әкімдігінің құзырлы бөлімі тарапынан бұған байланысты ешқандай жұмыстар атқарылмай, Нұртаевқа жер учаскелерін жалдау құқығы сауда-саттықтарда берілетіндігі туралы біртектес жауап хаттар 2011 жылдан бастап 2013 жылға дейін жолданып келген.
Ескере кететін және бір жайт, Нұртаевтың жобасы 2014 жылы да Үдемелі индустриялық даму бойынша аймақтық үйлестіру кеңесі отырысында қайта мақұлданып, индустрияландыру картасына енгізілген, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары ретінде жер телімін бөлу туралы шешім қабылданған.
Бұл жөнінде кәсіпкер 2014 жылы жер телімін бөлу жөнінде жергілікті атқарушы органға тағы да өтініш білдіреді.
Алайда, бір жыл көлемінде әкімшілік тарапынан ешқандай жұмыстар жүргізілмей, Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратураның араласуы нәтижесінде 2015 жылдың 21 сәуірінде ғана жер учаскесі қалаға қарасты елді мекеннің жер учаскесімен қабаттасып түсуіне байланысты қала әкімінің жанындағы комиссиясының қорытындысының негізінде ұсынылған жер учаскесін беруден бас тарталғандығы хабарланған.
Осы ретте, Кеңес отырысында кәсіпкердің бұл өзекті мәселесін құзырлы мемлекеттік органдармен қайта қарау жөнінде шешім қабылданды және Кеңес төрағасы Алмас Тұртаев бұл мәселені қатаң бақылауға алатындығын жеткізді.