Қызылорда облысында үшем дүниеге келді. Олардың ата-анасы Байқоңыр қаласында тұрады.
Үшем Қызылорда қаласындағы перинаталдық орталықта жарық дүние есігін ашты. Айта кетерлігі, өткен жылы тұсауын кескен аталмыш орталықта осылайша алғашқы үшем өмірге келіп отыр. Үшемнің анасы 36 жастағы Дина Санаева. Ол бірден үш ұл баланы дүниеге алып келген. Оның бұрын 2 қыз, 1 ұлы бар еді. Дина алғашқыда ұл бала дүниеге алып келуді армандаған екен. Тідегі қабыл болып, бірден үш ұл шаңырағына шаттық сыйлады.
Әзірге үшемдерге есім берілген жоқ. Олардың жағдайы жақсы. Өткен жылы облыста 72 егіз дүниеге келсе, 4 үшем нәрестелер қатарын толықтырды.