Қызылордалық кәсіпкер сантехникалық және кәріз құбырларын шығарып жатыр
Исмаил Тунжер мен Индира Жамалованың бизнеспен айналысқанына он жылдан асты. О баста алғашқы қадамды зат алып-сатудан бастаған. 2011 жылдан бері «Galaksi Group» компаниясының Қызылорда облысы бойынша ресми дилері. Аймақтағы пластик терезе өндірісіне қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін кәсіпкерлердің бірі.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін Исмаил мырза сантехника және кәріз құбырлары өндірісін іске қосу туралы ой туып, оны Қызылорда қаласында ашуға шешім қабылдағанын айтады.
2020 жылы ел аумағында жарияланған болған төтенше жағдайға қарамастан осы идеясын жүзеге асырды. Ол үшін «Казахстан Халық Банк» арқылы 14 пайызбен несие рәсімдеп, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында оның 8 пайызын «Даму» Қоры арқылы субсидиялады. Енді кәсіпкер несиені тек 6%-бен ғана өтейді. Алған қаражатын Қытай, Түрік елдерінен және Алматы қаласынан шикізат алуға жұмсады.
Кәсіпкер қазір сантехника, кәріз және т.б. құбырларға күн санап сұраныс артып келе жатқанын айтуда. Дайын өнім Қызылорда облысының барлық аймағына және Шымкент, Тараз, Алматы қалаларына жеткізіледі.
Қазір күніне 3,5 тоннаға дейін дайын өнім өндірілуде. Болашақта бұл көрсетішті 10 тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. 12 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жобаның ерекшелігі - өнім тек қана таза шикізаттан ғана емес, өндіріс қалдықтарынан да қайта өңделіп жасалады, қалдықсыз, экологияға зиянсыз екендігінде.