Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Облыс әкімі Қазалы ауданында болды


Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары бүгін Қазалы ауданында жалғасты.
Негізгі мақсат — елді мекендердің жағдайын көріп, аймақтағы карантин уақытының созылуына байланысты ауданның экономикасын қалыпқа келтіру, кәсіпорындарды жұмысқа қосу және мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысу.
Алдымен өңір басшысы Майдакөл ауылдық округіне қарасты Бекарыстан би ауылында болып, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жоба аясында Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 930 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Нәтижесінде ауылдағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу, тұрғын үйлерге сервистік су желілерін жүргізу және 7 көшені орташа жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар, ауылдағы 8 көшені жарықтандырып, 20 азамат уақытша жұмыспен қамтылатын болады. Облыс әкімі бөлінген қаржының мақсатты жұмсалып, атқарылған жұмыстардың сапалы болуын тапсырды.
Мұнан кейін облыс әкімі «Әлсейіт» учаскесіндегі көпірге барды. Екі жолақты бұл көпірдің жалпы ұзындығы 219 метр, ені 12 метрді құрайды. Алдағы уақытта көпірдің екі жағынан жаяу жүргіншілер жолын салу қарастырылған. Көпірдегі қосымша құрылыс жұмыстары туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Тілеуімбетов баяндады. Аталған көпірде дамба салу және кірме жолдардың су басу аймақтарын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшысына көпірдің қосымша құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді және уақтылы аяқтауды тапсырды.
Мұнан соң облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәжіліс өтті. Аудан әкімі М.Ергешбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Жиын соңында өңір басшысы бірқатар тапсырмалар берді.
«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы ахуал күрделі. Бұл ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Осыған орай, Мемлекет басшысының шешімімен халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол карта» бағдарламасы қабылданып отыр. Аталған бағдарлама аясында республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, ауданда инфрақұрылымды және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру мақсатында 42 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобалардың іске асырылуын басты назарда ұстап, қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет», - деп тапсырды облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Содан соң өңір басшысы жаңадан салынып жатқан 600 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысып, тиісті жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, «Жанқожа батыр» кесенесінде ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті. Кездесуде ауыл ақсақалдары Қазалы қаласына табиғи газ тартуды мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл мәселенің кезең кезеңімен шешілетіні атап өтті.
Жұмыс сапары барысында Гүлшара Әбдіқалықова «Дәмді» сауда белгісімен пастерленген сүт өнімдерін шығаратын «РЗА» акционерлік қоғамының, темір-бетон зауытының жұмыстарымен танысты. Кәсіпорындарға өнім түрін көбейтіп, болашақта экспортқа шығу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Әрі қарай өңір басшысы Майлыбас ауылдық округіндегі Ақсуат елді мекенінде апатты деп танылған клуб пен балабақша орындарында салынып жатқан нысандарында болып, тамыз айында пайдалануға беруді тапсырды. Айта кетейік, бұл ауылда шағын кәсіпкерлікті дамыту қолға алынған. Бүгінгі күні 52 кәсіпкерлік субъектісі бар. Мал шаруашылығы саласын дамыту мақсатында округ көлемінде 4 жоба бойынша несие алуға жұмыс жүргізіліп, 60 адам жұмыспен қамтылған.
Қазалы ауданынан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданында жалғасады.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: