Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәсіпкерлер палатасы 129 кәсіпкердің құқығын қорғады

Кәсіпкерлер палатасы 129 кәсіпкердің құқығын қорғады Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі 129 кәсіпкердің құқығын қорғап қалды. Бұл жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Маханов Айдарбек құқығын қорғауды сұрап келген болатын. Айдарбек Махановқа Қызылорда қаласы әкімінің 2004 жылғы 26 шілдедегі № 136 қаулысына сәйкес Қызылорда қаласының «Көкжиде» өңірінде орналасқан жеке кәсіпкерлікке негізделген шаруа қожалығын жүргізу үшін, жалпы көлемі - 64 гектар жер учаскесіне 49 жыл мерзімге уақытша пайдалану құқығы табысталған.  
Алайда, 2015 жылдың қаңтар айында жеке кәсіпкер А.Махановқа     Н.Ибраев есімді азамат келіп, өзіне аталған жер учаскесіне пайдалану құқығы табысталғандығы туралы хабарлап, жер учаскесін босатуды талап еткен. 
Орын алған жағдайдан кейін Айдарбек Маханов Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінді. 
Палата өз тарапынан аталған мәселенің заңдылығын анықтау мақсатында Қызылорда қалалық жер қатынастар бөліміне Қызылорда облысының прокуратурасымен бірлескен тексеру жүргізіп, нәтижесінде, кәсіпкердің жері 2011 жылдың 28 қыркүйегінде Қызылорда қаласы әкімдігінің № 2012 қаулысымен Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптары сақталмай, тиісті мақсатта пайдаланылмағаны үшін қаланың босалқы жерлер санатының арнайы жер қорына заңсыз алынып, 2013 жылы аукцион арқылы аталған жер учаскесі екінші тұлға Н.Ибраевтың жеке меншігіне сатылғандығы анықталды.
Сонымен қатар, аталған қаулымен Айдарбек Махановтан басқа 128 кәсіпкердің жер учаскелері осындай негізде мәжбүрленіп мемлекет жер қорына алынғандығы анықталды. 
Негізі ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес (2011 жылғы редакциядағы) нысаналы мақсатында пайдаланылмаған жер учаскелері сот тәртiбiмен мәжбүрлеп алып қою жатады. Сондай-ақ, жер учаскесін жергілікті атқарушы органдар тарапынан  сот тәртібімен мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз бергенге дейін кемiнде бiр жыл бұрын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттiлігi туралы жазбаша ескерту жасау қажет. 
Сонымен қатар, жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы жер учаскесі орналасқан жердегі әкімдікке  ұсыныс жіберуге мiндеттi. Бұл жағдайда осындай учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе оң шешiлмеген кезде ғана сотқа  талап-арыз берiлуi мүмкiн делінген. 
Алайда,  А.Махановқа және 128 кәсіпкерге қатысты жоғарыда көрсетілген заң талаптары сақталмай, яғни ескертусіз жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі берілместен, бастысы соттың шешімінсіз жер учаскелері қала әкімінің қаулысына сәйкес сырттай мәжбүрлеп алынған.
Сонымен бірге, аталған кәсіпкерлер жер учаскелері алынып қойған уақыттан бері, яғни 2011 жылдан бері жер учаскесінің пайдаланғаны үшін мемлекттке салық төлеп отырған. 
Аталған мәселеге Кәсіпкерлер палатасымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оң шешімін тауып, Қызылорда қаласы әкімдігі қаулысының күші жойылды. Қазіргі таңда А.Махановтың және 128 кәсіпкердің жер учаскелері кері қайтарылып,  құқықтары қалпына келтірілді. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: