Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәсіпкерлік орталығы жарнама агенттігін ашуға көмектесті

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Қармақшы аудандық филиалындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталығы аудандағы маңызды мәселені шешуге көмектесті. Бұл жайында Қызылорда облысының  кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады. 
Қармақшы ауданы облыс орталығынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауданда 2 кент, 12 ауылдық округ, 14 дербес бөлім, 31 білім орталығының орналасқандығына қарамастан осы уақытқа дейін бірде-бір жарнама агенттігі болмаған. Осы ретте, аудан тұрғындары қажетті сыртқы жарнама құралдарын (билборд, баннер, стендтер т.б.) облыс орталығы – Қызылорда қаласына келіп әзірлететін. 
Қармақшы ауданындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталығына Мейірбек Төлепбергенов есімді жас жігіт «компьютерлік және қосалқы техниканы жөндеу және оларға қызмет көрсетуге қатысты кәсіп ашқым келеді» деп келгенде, Орталық кеңесшілері ауданда сұранысқа ие кәсіп түрі ретінде жарнама агенттігін ашуды ұсынды. 
Бұл жөнінде Мейірбек Төлепбергеновтің өзі: «Мен 2013 жылдан бері түрлі қаржы институттарына барып, жобамды қаржыландыра алмай жүрдім. Ауданымызда Кәсіпкерлікті қолдау орталығының ашылғаны жақсы болды. Біріншіден, Орталық бизнестің тиімді бағытын анықтап беруге көмектесті, екіншіден сапалы бизнес-жоспар әзірлеп берді. Нәтижесінде жалпы құны 7,5 млн.теңге тұратын жобам «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылып, жұмысты бастап та кеттім. Қазір ауданда менің қызметіме сұраныс жоғары», - дейді.     
Айта кету керек, Қармақшы аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталығы осы уақытқа дейін 425 азаматқа 605 қызмет көрсетті, соның ішінде 61 жоба қаржыландырылды. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: