Қызылорда облысы аумағында Көші-қон полициясы басқармасы қызметкерлерімен жүргізілген «Көшіп-қонушы» жедел-профилактикалық шарасы барысында Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған 228 шетелдік анықталды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабына сәйкес әкімшілік шара көріліп, заңнама талаптарын орындамаған 25 жұмыс берушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2015 жылдың 14 тамызы күні полиция қызметкерлерімен жүргізілген арнайы шолу жұмыстарының барысында 21 шілдеде жеке мақсатта келген Түркия Республикасы азаматының құжаттары тексеріледі. Тексеру барысында аталған азаматтың Қазақстан аумағына келгеннен кейін ішкі істер органдарына 5 күнтізбелік күн ішінде уақытша тіркеуге тұрмағаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы, 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, қарау үшін қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Сот қаулысымен шетелдік азамат «кінәлі» деп танылып, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге жазаланды.