«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының қаржылай емес қолдау аясында ауылдық елді мекен тұрғындары, соның ішінде кәсіпкерлер үшін сервистік қызметтер көрсету жалғасуда. Бұл жайында облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері облыстың барлық аудандарында ауыл кәсіпкерлеріне көшпелі түрде маркетинг, құқықтық, ақпараттық технологиялар, мемлекеттік сатып алу, менеджмент, бухгалтерлік және салықтық есеп, сондай-ақ бизнес-жоспар әзірлеу сынды қызмет түрлерін көрсетіп шықты.
«Біздің көшпелі кеңес беру шарасын өткізудегі мақсатымыз – ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлерімен кездесіп, Кәсіпкерлер палатасымен облыс орталығында ғана көрсетілетін қызмет түрлерін көрсеті. Сапар барысында көздеген мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Кеңес алуда ауыл кәсіпкерлері белсенділік танытып, 4 ауданның өзінде 90-нан астам кәсіпкерге қызмет көрсеттік», - дейді Кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Мәдина Қасымжан.
Кеңесшілердің өздері елді мекендерді аралап, қызмет көрсеткендігіне кәсіпкерлер: «біз маңызды сұрақтарымызға сапалы әрі жылдам жауап ала алдық», - деп ризашалықтарын білдіруде.
Айта кету керек, соңғы үш айда Кәсіпкерлерлер палатасы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 340 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне сервистік қолдау бойынша қызмет көрсетті. Берілген қызмет түрлерінің басым бөлігі ауылдық елді мекендерге тиесілі.