Байқоңырдағы қазақ мектептері қазақстандық стандартқа өтті
Талай жылдан бері талқыға түсіп келген Байқоңырдағы мектептердің проблемасы оң шешімін тапты. «Жұлдызды қаладағы» 6 қазақ мектебі еліміздің білім беру стандартына көшті.
Білім күні алғаш рет аталған мектептің табалдырығын 642 байқоңырлық бүлдіршін аттады. №277 К.Тоқмұхамедов атындағы мектепті өткен «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты.
– Биылғы оқу жылы баршамызға үлкен қуанышпен басталып отыр. Өйткені Ресейдің оқу стандартына өтіп кеткен қазақ мектептерін өзімізге қайтарып алдық. Бүгіннен бастап осындағы 6 қазақ мектебі отандық білім беру жүйесімен жұмыс істейді. Бұл Тәуелсіз еліміз үшін және осындағы қаракөз балаларымыздың болашағы үшін маңызды,- деді Қ.Көшербаев.
Ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Түйткілді мәселені шешіп берген Елбасына алғыстарын айтты. Ал, аймақ басшысы бірінші сынып оқушыларына Елбасының «Менің Отаным – Қазақстан» кітабын табыс етті.
2015 жылға аталған білім беру нысандарының шығындарына республикалық бюджеттен 982,1 млн. теңге қаржы бөлінді. Осы қыркүйек айының өзінде аталмыш білім мекемелерінің материалдық –техникалық керек-жарағын толық қамтуға қосымша 200 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ мұндағы мектептерге қажетті 90442 дана оқулық толығымен жеткізілген.