Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәсіпкерлер салыққа байланысты көзқарасын білдірді

Кәсіпкерлер салыққа байланысты көзқарасын білдірді«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында салық саясатына қатысты өткен қоғамдық тыңдауда көтерілген мәселе қызылордалық кәсіпкерлерді де алаңдатуда. Бұл жайында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселе мынада, Үкіметпен салық заңнамаларына өзгерістер енгізу көзделуде. Бүгінде заң жобасы әзірленіп Парламентке жолданған. Кәсіпкерлер заң жобасы жаңа салықтарды енгізу саясаты мен салықтық және кедендік әкімшілік етуді қатаңдатуды көздейді дейді.  
Жобада сатудан алынатын салықты 5% көлемінде, 5-12% көлемінде бөлшек салық салу, пайдалы қазбалар өндірушілерге салынатын салық мөлшерін 40 есе өсіру көзделуде екен.  
Айта кету керек, қоғамдық тыңдау қорытындысымен бизнес-қоғамдастық өкілдері салық саясатын, салықтық және кедендік әкімшілік етуді негізсіз қатаңдату мәселесі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне, «Нұр Отан», «Ақ жол», «Халық коммунистері» партиясына ашық хат түсірген болатын.  
 «Жобаны жасаушылар акцизделетін өнімдерді сатушыларға талапты күшейту арқылы салық заңнамасына өзгеріс енгізуді қалап отыр.  Әйтпесе, бизнесінің деңгейіне қарамастан POS-терминал арқылы есеп жүргізуді міндеттеу әрекетін бұдан басқа қалай атауға болады?! Мұнымен қоса, акцизделетін тауарларды жыл сайынғы лицензиялау құнын енгізбек.
ҚҚС бойынша тіркеу есебінің шектік мөлшерін азайту елдегі кәсіпкерліктің 90 пайызын құрайтын шағын және орта бизнес субьектілері үшін салықтық шығындарды 2 есе көбейтпек. Ал, 5% көлемінде сатудан алынатын салық салу 500 мың шағын мекемелердің шығынын шамамен 3 есе арттырмақ. Есептеп көргенде, салық режимін қатаңдату, сатудан алынатын салық енгізу шағын кәсіпкерлер үшін салық шығынын жеті есе көтермек», - деп айтқан әріптестерінің пікірін селекторлық режим арқылы қоғамдық тыңдауға қатысқан қызылордалық кәсіпкерлер де толықтай қолдайтындығын жеткізді.
 «Бүгін салық мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдау болады дегеннен кейін өзім секілді кәсіпкерлермен сөйлестім. Олар бірауыздан салық заңнамасына қатысты мұндай өзгерістердің енгізілуіне қарсы. Мен де бұл заң жобасын қолдамаймын. Бір ғана мысал келтірейін, заң жобасы бойынша кәсіпкерлердің басым бөлігі ҚҚС төлеуші болып табылмақ. Енді мынаған қараңыз, ісін жаңа бастаған кәсіпкер салықтық төлемдерді, есептерді бұрын өзі жасап келген болса, енді ҚҚС төлеуші болғаннан кейін жаңадан штат ашып, маман ұстау қажет. Себебі, онсыз мүмкін емес, бұл жерде есеп-қисап көлемі артады. Бірақ, ол кәсіпкердің енді ғана бастаған бизнесі қосымша шығынды көтере ала ма? Осыдан келіп табысын жасыру орын алып, «көлеңкелі экономикаға» жол берілмек. Бұдан келіп сыбайлас жемқорлық та шығады.  Мұндау шара қабылдаудан біз ұтпаймыз. Мүмкін, аталмыш заң жобасы қазіргі кезге ғана көмектесер, яғни бюджетке түсетін түсім көлемін арттырар, бірақ болашағы жоқ. Қазіргідей экономикалық дағдарыс жағдайында мұндай шешім қабылдаудың қажеті жоқ деп санаймын», - дейді «Аквалайн» ЖШС директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: