Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жұмыс сапары барысында Жаңақорған ауданындағы , Төменарық тұсында дарияға қойылған үрмелі тоспаның іске қосылу барысымен танысты.
Онда алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған суландырудың маңызына тоқталды. Статистикалық дерекке сүйенсек, үрмелі тоспа табиғи түрде Жаңақорған және Шиелі аудандарының 60 мыңдай гектар аумағын суландыруға қабілетті екен. Аймақ басшысы осындай іргелі істер аграрлы ауданның еңбек көрсеткішін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Облыс басшысы мен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш келесі кезекте Түгіскен ауылына келді. Олармен бірге жүрген аудан әкімі Руслан Рүстемов «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында қолға алынған «Түгіскен елді мекенінің ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту» жұмыстарының сәтті аяқталу салтанатына бастап келді. Қуанышты оқиғаға ауылдың үлкен-кішісі жиналды, әр жүректе бір-бір жылы лебіз айтсақ деген ниет бар. Облыс әкімінің игі іске қолдау көрсетіп, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ықпал еткені оларды бей-жай қалдырмады.