Көршілес жатқан Арал мен Қазалы аудандарының халқы аралас-құралас экономикалық, мәдени, кәсіпкерлік салалар бойынша ертеден тығыз байланыста болып келеді.
Екі аудан арасындағы осы достық бүгінгі күні де өз жалғасын тауып, «Қамбаш» сауықтыру орталығындағы салтанатта бас қосты. Орталықта демалып жатқан екі ауданның ардагерлеріне жайылған салтанатты дастарханда Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов пен Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов екі аудан арасындағы тығыз байланыстың әлі де жалғаса беретінін, осындай шаралардың көршілес аудандар үшін пайдалы тұстарына тоқталды. Сондай-ақ, елдің ақсақалдары мен аналарына көрсетілер құрметтің толастамайтындығын жеткізді.
Одан әрі Қазалы ауданынан арнайы келген «Атамұра» ардагерлер ансамблі өз өнерлерін көрсетіп, көрермендер ризашылығына бөленді.
Өз кезегінде сауықтыру орталығында демалып жатқан ардагерлер аудан басшыларына өз алғыстарын жеткізіп жатты. Сонымен қатар, екі ауданның ардагерлері арасында өткізілген түрлі спорттық шаралардың жеңімпаздары осы кеште марапатталды.
Достық шара қос аудан халқының ынтымағы мен бірлігін одан әрі күшейткендей әсер қалдырды.