25 мыңнан астам xалқы бар Жаңақорған ауданының орталығы көгілдір отынға қол жеткізді.
Қазақстанда алғаш рет бір ай ішінде облыстың бірден бес ауданы газбен қамтамасыз етіледі. 10 қазан күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның бас директоры Ибулла Серді Жаңақорған ауданында газ беру сәтіне куә болып, көптің қуанышымен бөлісті.
Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімдігі мен "ҚазТрансГаз" АҚ арасында былтыр жасалған меморандумға сәйкес, Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласын газдандыруға қажетті қаражат бөлінген. Ал, облыстың қалған аудандары келесі жылы газбен қамтылатын болады. Ол жұмыстарға қажетті 16 млрд. теңгені Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі инвестициялайтын болады.
- Біз өте қуаныштымыз. Пеш жағып, күл шығару машақатынан құтылдық. Біз үшін арман болған көгілдір отын үйімізге жетті. Бұдан артық қандай мереке керек, - жаңақорғандық, 5 баланың анасы Гаухар Бекмырзаева.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауданға арнайы барып, тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
- Елбасы елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырған. Бұл соның жемісі. Жалпы алғанда, облыста әлеуметтік мәселелер тиімді шешіліп келеді: «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тас жолы салынды. Енді газды аудан орталықтарына жеткізетін құбырлары салынып бітті. Енді жаңақорғандықтар үшін шешемін таппаған күрмеуі қиын мәселе ауыз су болатын. Су құбырларын салу жобасы 2016-2018 жылдары жоспарланғанымен, біз жұмысты биыл бастай беруге шешім қабылдап, жақында алғашқы 200 млн. теңгені бөлетін болдық. Енді жақын арада жұмыс басталады. Осылайша, рет-ретімен халықтың тіршілігі үшін қажетті мәселелерді шеше береміз, - деді облыс әкімі.
- Біздің жобамыздың басты ерекшелігі – облысқа отандық газ жүргізілетін болады, яғни газ тоқтаусыз беріледі. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына жеңілдіктер қарастырылған. Тұрғындардың жағдайына қарай отырып, пайызы төмен несиелер арқылы біртіндеп төлеу мүмкіндігін де қарастырдық. Сонымен қатар, тамыз бен қазан аралығында пеш және есептеуіш құралдарын сатып алушыларға 45 пайыздық жеңілдік беріледі, - деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның бас директоры Ибулла Сердиев.
Жаңақорғандықтардың қуанышында шек жоқ. Талай жылғы армандары орындалған аудан тұрғындарының атынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағанбет құттықтау сөз сөйлеп, Елбасына Сыр жұртшылығының атынан алғысын жолдады.
Айта кету керек, келесі аптада Шиелі ауданын газдандыру басталады, одан кейінгі кезекте – Қазалы және Арал аудандары бар.