Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада республикалық қала құрылысы форумы өтті

Қызылордада республикалық қала құрылысы форумы өттіҚызылордада XIII республикалық «Қазақстанның қала құрылысы форумы» өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен құрылысшылар, облыстардың сәулет және қала құрылысы басқармаларының басшылары, қалалардың бас сәулетшілері, инженерлер, жобалаушы кәсіпорындар мен дизайнерлер қатысты. Форум аясында жылдың ең үздік сәулет және қала құрылыстық жобалары көрсетілген көрме де ұйымдастырылды.
Алқалы жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы жылдары қала мен аудан орталықтарының сәулеттік келбеті айтарлықтай өзгергенін айтты.
- Европоцентристік көзқарастағы адамдар көшпенділер мекен еткен Ұлы далада «қала болмаған» деген пікірді алға тартады. Бұл әрине қасаң қағида. Мәселен, Қазақ хандығы тұсында Сыр бойында 32 қала болған. Тек қазіргі Қызылорда облысының территориясында төрт астананың тарихта ізі қалған. Ата-бабаларымыздың игі дәстүрін жалғастыруды парыз санап, Сырдарияның сол жағалауына жаңа қала салып, ел қондыруды мұрат етіп отырмыз. Бұған дейін шаһарымыз Сырдың оң жағалауында дамыған болатын. Ал негізінен сол жағалауды игеру туралы нық шешімге келуімізге Елбасының ерлігі әсер етті. Елбасы Есілдің жағасында бой көтерген Астана қаласын әлемнің көрікті қалаларының біріне айналдырды. Біз де Астанаға қарап бой түзеп, Сырдың сол жағалауында 90 мың халық тұратын жаңа қаланың құрылысын бастамақпыз. Сондай-ақ, жаңа қаланың сәулетінде шығыс стиліне, ұлттық нақышқа басымдық беріледі, – деді Қ.Көшербаев.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қызылорда өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Облыста биыл құрылыс көлемі 3,5 есеге өсті. Ал Қызылорда қаласында 8 есеге артты. Болашақта Сырдың бас шаһары дарияның сол жағалауында қанат жаймақ. Қазірдің өзінде дарияның екі бетін жалғайтын көпірдің құрылысы жүріп жатыр.
Қазақстан қала құрылысшылар одағының президенті Любовь Нысанбаеваның айтуынша, ендігі жерде қала құрылысының дамуында Сырдария өзенінің Астана қаласындағы Есіл өзені сияқты табиғи тартымдылығы басым болады.
Бұдан бөлек, форумға қатысушылар Сыр жеріндегі қалалардың тарихына көз жүгіртіп, Байқоңыр қаласының туристік әлеуетін талқыға салды. Сондай-ақ Қазақстан қалаларының сәулеттік ерекшеліктерін сөз етті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: