Қармақшы ауданында әлі күнге дейін жолаушылар тасымалын реттейтін құрылым, автостанция жоқ екенін айтқан болатынбыз.
Бұл мәселенің түйінін жеке кәсіпкер Бақтияр Жұмабеков шешімін тапқандай. Қазіргі таңда аудан орталығы Жосалы кентінде автобекет салынуда. Автобекет салуға 2,5 гектар жер бөлінген. Жоба-сметалық құжаттамасы ЖК «Проект» арқылы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылған. Жоба бойынша автостанция қалааралық, ауданаралық, қалаішілік маршруттарды қамтиды. Жоба бойынша автостанцияда такси тұрағы, жүргізушілердің демалатын бөлмесі, диспетчерлік бөлмесі, медициналық бекеті, ана мен бала бөлмесі және асхана, буфет, авиа және темір жол кассасы, төлемдер қабылдау орны және дәріхана қызмет атқаратын болады. Бекет аумағында көлікке техникалық қызмет көрсету орны және сауда нүктелері (бутиктер) орналасады.
Ағымдағы жылдың 1 қазанында өткен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-нің Бақылау Кеңесінде жобаны 10,0 млн. теңгеге несиелендіру мақұлданды. Қазіргі уақытта, несие рәсімдеу құжаттары өткізіліп, қаржыландыруды күтуде.
Автостанциянын жұмысын жылдың аяғына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Барлығыда заман талабына сай, соңғы үлгіде жарақтандырылады. Бұл жаңалықты естіген тұрғындардың қуанышында шек жоқ.