Қызылордада діни экстремизм саласы бойынша 16 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Облыстық ішкі істер департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс көлеміндегі діни ахуалды тұрақтандыру, терроризм мен діни экстремизмнің алдын алып, теріс діни ағымдармен, радикалды топтармен күресу, халықтың діни сауаттылығын жетілдіру бағытында тиісті жұмыстар атқарып келеді.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 10 айында полиция қызметкерлерімен 16 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықталды. Олардың ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы, яғни мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін бұқаралық ақпарат құралдары өнімін дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау дерегі бойынша - 4, ҚР ӘҚБтК-нің 489-бабы, яғни ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, оладың қызметін қаржыландыру дерегі бойынша – 1, ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу дерегі бойынша – 11 құқық бұзушылық анықталды.
Бұдан бөлек, есепті мерзімде діни экстремизм саласы бойынша барлығы 11 қылмыстық теріс қылық анықталды. Оның ішінде ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау дерегі бойынша - 4, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы, Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру дерегі бойынша – 7 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлерімен қоғамда болуы мүмкін терроризм көріністерінің салдарын азайту, жою бойынша тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің теориялық және кәсіби біліктілігін арттырып, физикалық дайындығын шыңдау мақсатында бекітілген оқу-әдістемелік жоспар бойынша жыл басынан бері түрлі деңгейдегі терроризмге қарсы оқу-жаттығу жұмыстары, тактикалық практикалық сабақтары өткізілді. Сондай-ақ, терроризмге қарсы күреске жұмылдырылған арнаулы бөлімшелердің, кәсіби апаттық-құтқару қызметінің жауынгерлік дайындығы, терроризм көріністерін бейтараптандыруға, барынша азайту мен жоюға қабілетті заманауи құралдар және техникамен жабдықталуы туралы ақпарат беру мақсатында ашық есік күндері ұйымдастырылды.