Қармақшы ауданы Жосалы кентінде тағы бір Алланың жердегі үйі есігін айқара ашты.
Мешіттің ашылу рәсіміне аудан әкімі Мақашов Сұлтан Ысқақұлы, ҚМДБ-ның Қызылорда бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров, баба ұрпақтары және аудан тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанаты барысында аудан басшысы Сұлтан Мақашов: Болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат қылдық. Бұл – бізге Исламның нұсқаған жолы, еліміздің даму бағдары да осы.Біз – бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз, атамекеніміз біреу, ол – қасиетті Қазақ даласы.
«Мешіт-жамағатымен көрікті» демекші,«Қармақшы ата» атындағы мешіт имандылықтың ізгі жолын ту етер жамағаттан арылмасын. Әрқашанда еліміз аман, жұртымыз тыныш, ынтымағы мен бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміз үлкен жетістіктерге жете берсін! - деп, құттықтап баба ұрпақтарына ризашылығын білдіріп, мешіт құрылысына ат салысқандарға алғыс білдірді. "Қармақшы ата" мешітін баба ұрпақтары қаржы салып, 250 адамға арналған мешіт құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында басталған болатын.
Мешітке имам болып аудандық "Марал ишан" мешітінде ұстаздық қызмет еткен Абай Тортулов тағайындалды.