Теміржол вокзалында орналасқан бейнекамера арқылы аумақты шолу барысында коммерциялық дүңгіршектің құлпын белгісіз азамат бұзып, ұрлық сипатындағы іс-әрекеттер жасауға әрекеттеніп жатқаны ағарылды. Оны Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы Жедел басқару орталығының полиция қызметкері байқады.
Оқиға орнына жедел түрде жол-патрульдік полиция жасағы жіберілді. Нәтижесінде «ізін суытпай» 40 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Дәл осындай дерек кеше, яғни ағымдағы жылдың 9 желтоқсанында таңғы сағат 03.29 шамасында орын алған. Бегім ана көшесінде орналасқан бейнекамера көмегімен аумақты шолу барысында аталмыш көшеде орналасқан көпқабатты үйлердің ауласында тұрған автокөліктердің бірінің жүксалғышын ашып, ұрлыққа әрекеттеніп жатырған 2 азаматты байқап қалады. Аталған дерек бойынша, оқиға орнына полиция жасағы жіберіліп, нәтижесінде бірнеше минут ішінде 1997 және 1996 жылы туылған екі азамат ұсталды. Екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Айта кетерлік жайт, облыс орталығында орын алған құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау, орын алған қылмыстарды дер кезінде ашу мен жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында орнатылған 243 бейнекамераның көмегімен жыл басынан бері барлығы 166 қылмыстың беті ашылса, анықталған құқық бұзушылықтың саны 41832-ті құрап, олар бойынша әкімшілік шаралар көрілген.