Тәуелсіздік күні қарсаңында Сырдария ауданында мешіт ашылды. Имандылық үйінің ашылуына облыс әкімі Қ.Көшербаев және аудан тұрғындары қатысты.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде аймағымызда дін саласында да үлкен жұмыстар атқарылды. Жаңадан мешіттер тұрғызылып, Ислам дінін оқытатын мамандар даярланды. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда. Салтанатты түрде ашылған 200 орындық аудандық мешітте алдымен әруақтарға құран бағышталып, ақсақалдар батасын берді.
- Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз әрбір азаматқа өзінің ғазиз дінін ұстануына жағдай жасады. Соның арқасында, елімізде бүгінге дейін 2500-ға жуық мешіт ашылды. Осының барлығы еліміздің береке-бірлігін арттыратын жағдай. Еліміз руханиятын дамытып жатқан бүгінгі сәтте бұл мешіт елді береке-бірлікке шақыратын имандылық үйі, тамаша құтқана болсын деп тілеймін, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Мешіттің жанында 40 орынға арналған медресе бар. Бұл жастардың діни сауатын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ас беруге арналған 200 орындық асханасы тұрғындар үшін қызмет ететін болады.